ТМККК шеңберінде фармакологиялық қамтамасыз ету жүйесіндегі кемшіліктер туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасы

премьер-министрінің орынбасары

А.С. Көлгіновке

                                            ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
                                        Құрметті Алтай Сейдірұлы!

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді, сондай-ақ дәрілік көмекті қамтиды, республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлу жолымен қаржыландырылады.

2023 жылы халыққа көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыруға 2,5 трлн теңгеден астам, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,4 трлн, МӘМС бойынша – 1 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылады.

Айта кету керек, МӘМС есебінен денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемінің айтарлықтай артуы медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді.

Алайда бүгінгі таңда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жеңілдік қарастырылған тізіміне инновациялық препараттарды енгізуде қиындық бар.

Инновациялық препараттар тізімге кезең-кезеңмен енгізіледі. Атап айтқанда:

  1. препаратты тіркеу 1-2 жыл;
  2. клиникалық хаттамаларға енгізу 1 жыл;
  3. Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр 1 жыл;
  4. Бағаны тіркеу 1 жыл;
  5. Бірыңғай дистрибьютор және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізіміне енгізу 2-3 жыл.

Осылайша препараттардың нарыққа толық шығуы және мемлекеттің пациенттерге шығынды өтеу үдерісі шамамен 5-7 жылды алады.

Сонымен қатар тізімнің бір бөлігін бекітудің реттелмеген жиілігі және формулярлық комиссия жұмысының ашықтығы мәселесі бар.

Формулярлық жүйенің қызметін жүзеге асыру қағидасына сәйкес Формулярлық комиссия қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесін және бірыңғай дистрибьютордың тізімін келісуді және тұрақты қайта қарауды жүзеге асырады, ал отырыстардың жиілігі мен кезеңі регламенттелмеген.

Препараттарды нарыққа шығару мерзімінің болмауы қазақстандық нарықты инвестиция үшін тартымсыз етеді сонымен қатар пациенттердің тіркелген препарат бойынша терапияны уақытында алу мүмкіндігінен айырады.

Еуропа мен АҚШ-та мақұлданған жаңа технологиялар Қазақстанда едәуір уақыттан кейін ғана қолжетімді болады, бұл көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына әсер етеді.

Қазіргі уақытта медициналық ұйымдар тарапынан тапсырыс беру кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жеткіліксіз қаржыландыру және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде қосымша көлемді жеткізу мәселесі өзекті болып тұр.

Бүгінгі таңда 2023 жылы қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты медициналық ұйымдар мәлімдеген көлемді 30% -ға қысқартуды рәсімдеп жатыр.

Медициналық ұйымдардың басым бөлігі Қазақстанның фармацевтикалық нарығына қолжетімділіктің нашарлауынан қорқып, халыққа фармацевтикалық қамтамасыз етудің мәселелері, көмек көрсетудің кешігу фактілері туралы хабарламай, жеткізуді күтіп отырады. Ал пациенттер осы аралықта терапиясыз қалады.

Инновациялық препараттарға дер кезінде қол жеткізу мәселесін шешу үшін мәселені қысқа мерзімде, кезеңдерге (қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, Бірыңғай дистрибьютор, бағаны тіркеу) бөлмей шешу қажет. Ұлттық ғылыми орталықтың қорытындысын Формулярлық комиссияда қарап, бұйрықтарды біріктіру, сатып алу тізбесіне енгізу үшін препараттарды қарауға бірыңғай өтінім енгізу, қарау мерзімін регламенттеу керек.

Денсаулық сақтау министрлігі цифрландыру министрлігінің көмегімен бастан аяқ процесті цифрландырсын, адами факторды алып тастасын және пациенттердің инновациялық терапия алу уақытын қазіргі 5-6 жылдан 2 жылға қысқартсын!

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

М. Магеррамов

И. Сұңқар

К. Сейітжан

И. Смирнова

Г. Танашева

31.05.2023 ж. жарияланды