«Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС - ны ҒЖБМ Ғылым комитетіне қайтару туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Ә. А. Смаиловқа

                                         ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 

                                       Құрметті Әлихан Асханұлы!

2023 жылғы 12 сәуірде Ғылым қызметкерлері күнінде Ұлттық биотехнология орталығының (бұдан әрі – ҰБО) ғалымдары биологиялық бейіндегі жетекші ғылыми мекеменің құлдырауының алдын алу үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «QazBioPharm» холдингі құрамынан «Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС-ны «Іргелі және қолданбалы биологияның ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК- ға айналдыра отырып, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің ведомствосына (бұдан әрі – ҚР ҒЖБМ қайтару туралы өтінішпен жүгінді.

Дәйекті дәлелі бар хаттың мазмұны Сіздің атыңызға, Қазақстан Республикасының премьер-министріне мәселені шешу мақсатында шара қабылдау үшін жолданды. Алайда бір ай көлемінде Денсаулық сақтау министрлігінің барлық күш-жігері еліміздің жетекші ғалымдарының – ҰБО-ның 14 бірегей ғылыми зертханасы меңгерушісінің сараптамалық пікіріне қарсы жауап-хат әзірлеуге бағытталды. Айта кету керек, министрліктегілердің ешқайсы Холдингте қалыптасқан барлық мән-жайды анықтау үшін ҰБО ғалымдарымен бетпе-бет кездесу өткізген жоқ.

2021 жылғы қыркүйекте «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары Қазақстан Республикасының үкіметіне Холдинг құру туралы асығыс шешім қабылданғанын, жетекші ғылыми ұйымдар биофармацевтикалық өндіріс мұқтаждығы үшін жасанды түрде біріктірілгенін, мәселені ашық талқылауға сарапшылар, бейінді ведомстволар, мүдделі институттар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері тартылмағанын жеткізді. Бұған қоса депутаттар Холдинг құру ғылымның барлық бағытын жоғалтуға алып келеді, кейін қалпына келтіру іс жүзінде мүмкін болмайды деп дабыл қақты.

Бүгінгі таңда бұл туралы ҰБО ғалымдарының өздері мәлімдеп жатыр. Олар Холдингте қабылданып жатқан шаралармен танысып, ғылымның ашық моделі мен академиялық еркіндікке қайшы әрекет жүзеге асырылып жатқанын айтып жүр.

Естеріңізге салайық, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 20 желтоқсандағы № 910 қаулысына сәйкес, Холдинг қызметінің негізгі мәні биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, биофармацевтикалық нарық инфрақұрылымын орнықты дамыту және жетілдіру, биофармацевтикалық ғылым мен өнеркәсіпті дамытуды ынталандыру, сондай-ақ мемлекет пен қоғамның биофармацевтикалық өнімге қажеттілігін қамтамасыз ету болып айқындалған.

Осылайша, іргелі және қолданбалы биологияның түрлі бағыттарын қамтитын ҰБО-ның кең ғылыми қызметі тар профильді биофармацевтикалық өндіріске дейін қысқарады. Бұл бейінді емес зертханалардың жабылуына және ғылыми кадрлардың жоғалуына әкеп соғады, кейін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мемлекеттік саясатымен және басқаруымен 30 жыл бойы құрылған және қалыптасқан ҰБО ғылыми әлеуетінің синергетикалық әсері бұзылады. Бүгінгі күнге дейін ҰБО-ны қаржыландыру ҚР ҰӘҚ базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру есебінен жүргізілді. Биологиядағы зерттеулердің кең спектрінің барлық жоғары технологиялық ғылыми инфрақұрылымы және ҰБО-ның қазіргі заманғы ғимараты ҚР ҰӘҚМ қаржыландыру бойынша салынды.

2022 жылғы тамыздағы ғылым және жоғары білім форумында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың салалық мемлекеттік органдардың ғылыми мекемелері мен жоғары оқу орындарын ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына кезең-кезеңімен беру туралы мәселені қарау жөніндегі маңызды тапсырмасына назар аудартты. Бұл ғылым саласында бірыңғай мемлекеттік саясат қалыптастыру үшін шын мәнінде қажетті шара болды.

Қазақстан Халық партиясы биология саласындағы Қазақстанның жетекші ғалымдарының – ҰБО ғалымдарының үніне құлақ асуды және олардың ұйымын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіне қайтаруды ұсынады. Осылай ғана Қазақстан аграрлық, медициналық және биотехнологиялық салалардың қолданбалы аспектілерін дамытудың кепілі ретінде Қазақстандағы іргелі биология ғылымының көкжиегін кеңейте алады.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

И. Сұңқар

К. Сейітжан

Г. Танашева

10.05.2023 ж. жарияланды