Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханалардың мәселесі туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Ә. А. Смаиловқа

                                         ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 

                                       Құрметті Әлихан Асханұлы!

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ (әрі қарай - кітапхана) барлық оқырмандарынан (3000-ға жуық оқырман) осы кітапханаға қатысты қалыптасқан жағдайға байланысты Халық партиясы фракциясының Депутаттық сауалымызды жолдаймыз. Бұл жағдай шұғыл шешімді қажет етеді.

Кітапхана 50 жылдан артық жұмыс жасап келеді. Бірақ, әлі күнге дейін жеке ғимараты жоқ. Кітапхана Алматы қаласы, Бөгенбай батыр көшесі, 214 мекен-жайы бойынша орналасқан «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінен (әрі қарай – «Қос» ҚБ) 2008 жылдан бері 2083 шаршы метр аумақты жыл сайын жасалған мемлекеттік сатып алу негізінде жалға алады.

Кітапхана қызметі Зағип және нашар көретін азаматтар үшін, сондай-ақ басқа санаттағы мүгедектігі бар адамдар үшін ақпараттың көпшілікке қол жетімділігін қамтамасыз етеді. Кітапхана шетелдік гранттың арқасында DAGZBERRY арнайы компьютерлік бағдарламасына қазақ тілін енгізіп, бедерлі кітаптарды басып шығаруға қол жеткізіп отыр. Бірақ ғимарат жалда болғандықтан кітапхана өз баспасынан шыққан бедерлі кітаптардың ауқымын баспахана көлемі аз болғандықтан ұлғайта алмай отыр. Республика бойынша 13 зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттары және инклюзивті мектептерде оқитын оқушыларда брайль жазуымен қазақ тіліндегі кітап жетіспейді.

Кітапхананың табысты жұмыс істеуінің жарты ғасырдан астам кезеңінде Республиканың Зағип және нашар көретін адамдарының игілігі үшін, ал тұтастай алғанда-мүгедектердің барлық санаттары үшін кітапханаға қатысты ішкі және сыртқы инфрақұрылым қалыптасты. Қазіргі уақытта кітапхана қоры 258593 дананы құрайды, оның ішінде 59719 данасы - Брайль жүйесі бойынша (рельефтік – нүктелік қаріппен басылған) және арнайы аудиоға басылған сөйлетін кітаптардың саны – 101851 дананы құрайды. Сондықтан әр мемлекеттік сатып алудан кейін кітапхананың қаланың бір ауданынан екіншісіне жиі көшуі аталған бірегей арнайы әдебиет қорының және кітапхананың басқа да құнды мүлкінің бұзылуына немесе ішінара жоғалуына әкелуі мүмкін. Кітапхана жалдамалы ғимаратта болғандықтан ешқандай жөндеу жұмыстары жасалынбаған. Алматы қаласының басқа кітапханаларымен салыстырғанда модернизациядан өтпеген. Ақпан айында Сіздің орынбасарыңыз Алтай Сейдірұлы Көлгінов осы кітапханаға келіп, кітапхана жағдайын көріп кеткен болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев (2019 жылғы 2 қыркүйектегі) Қазақстан халқына Жолдауында «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз» деп ерекше атап өткен болатын. Кітапхананың қаланың неғұрлым шалғай аудандарына және ҚР басқа өңірлеріне көшуі оның көптеген пайдаланушыларының, ең алдымен, құнды мамандардың жоғалуына әкелетіні сөзсіз.

Көзі нашар көретін және зағип жандарға, мүгедектігі бар адамдарға осындай арнайы кітапханалар білім беріп, әр-түрлі ақпаратпен танысуға үлкен мүмкіндіктер ашады. Осы кітапханада танысқан ақпараттың арқасында мен өзім Жапония, АҚШ, Ұлыбритания елдерінде білім алдым. Өйткені, бұл кітапхананың базасы кең және бай. Мен сияқты бірнеше мүгедектігі бар азаматтар кітапханадан алған ақпараты мен ілімі арқасында әр-түрлі салада Қазақстанның түкпір-түкпірінде жоғары деңгейде қызмет атқаруда.

Кітапхана оқырмандары және «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары Сізден осы ғимаратты толықтай сатып алып, мемлекеттік балансқа беру туралы түбегейлі шешім қабылдауыңызды сұрайды.

Сонымен қатар Республикамыздың Жетісу, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында облыстық және Семей мен Шымкентте қалалық мамандандырылған кітапханалардың ғимараттары жоқ. Олар ғимаратты жалға алып отыр. Ұлытау, Алматы, Түркістан облыстарында мамандандырылған кітапхана мүлдем жоқ.

Құрметті Әлихан Асханұлы, аталған сұраққа Үкімет қабылдаған шаралар туралы жазбаша түрде толық ақпарат беруіңізді сұраймыз.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

К. Сейітжан

М. Магеррамов

Г. Танашева

И. Смирнова

И. Сұңқар

26.04.2023 ж. жарияланды