«Жалпыға бірдей декларациялау кезінде азаматтардың дербес деректерін қорғау проблемалары туралы»

dep.jpg

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Е.С.Сәденовке

Қазақстан Республикасының Қаржы министрі М.Т. Такиевке

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Б.Мусинге

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 
                Құрметті Ержан Сапарбекұлы, Мәди Төкешұлы және Бағдат Батырбекұлы!

ҚР Салық Кодексінің міндетті жалпыға бірдей декларацияны қарастыратын жаңа өзгерістеріне байланысты дербес деректерді сақтау мәселесі қайта өзекті бола түсті.

Қазақстанның цифрландыру мәселесінде қарыштап алға қадам басқаны белгілі. Іс жүзінде азаматтар мемлекеттік органдармен тікелей емес, еліміздің барлық азаматтары туралы деректерді қамтитын ақпараттық технологиялар - тиісті сайттар арқылы байланысады. Қалай болғанда да, декларацияны тапсыру кезінде азаматтар цифрландыру тетіктерін пайдаланатын болады.

Соңғы кездері барлық жаңалық ленталары жеке деректердің жария болып кеткені туралы ақпараттарға толы. Мысалы: «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ (МТҚ) 2 миллионнан астам дербес деректердің жария болғанын анықтады; жеке деректердің жарияланып кетуіне байланысты БЖЗҚ, Air Astana және Қазақтелеком компанияларына қатысты тексерулер жүргізіліп жатыр.

2019 жылы И. атты азаматтың тұрғылықты жері туралы мәліметтері мен жылжымайтын мүлкі туралы анықтаманы заңсыз бергені үшін Алматы қаласының ХҚКО-ның бұрынғы қызметкеріне қатысты үкім шығарылды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша статистикалық деректер де көңіл куантарлықтай емес. ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика бөлімінің деректері бойынша 2023 жылғы жағдайға сараптама жасағанда ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабы бойынша, яғни, заңсыз дербес деректерді жинау және (немесе) өңдеу бойынша барлығы 417 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

473 қылмыстық іс СДТБТ-де ҚР ҚК 147-бабы, яғни, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу бойынша тіркелді. Оның ішінде 318 іс ҚР ҚІЖК 35-бабы бойынша қысқартылды. Баяндалған деректерге сүйене отырып, жеке өмірге қол сұғылмаушылықтың жалпы санатынан және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасынан 155 іс қана соңына дейін жеткізілген.

Алайда, дербес деректердің жария болып кетуі интернет-алаяқтықтың кең таралуының негізгі себебі екенін ескерсек, бұл сандар мүлдем негізделмеген және нақты жағдаймен салыстыруға келмейді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі бойынша тергеу органдарының өндірісінде болған қылмыстық істердің саны 158 474 іс.

Дербес деректерді қорғау тетіктерінің тиімділігінің неғұрлым көрнекі көрінісін алу және осы таралып кетуден зардап шеккен азаматтарды қорғау үшін қылмыстық істің осы санатының ашылуын нақтылауға назар аудару қажет. Аталған 158 474 істің 92 954-і бойынша тергеу қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның анықталмауына байланысты тоқтатылды. Бұл істердің тек аз бөлігін, атап айтқанда 21 істі ғана елден тыс жердегі алаяқтар жасаған. Сонда ашылмаған істердің басым бөлігін қылмыскерлер біздің еліміздің аумағында жасаған болып тұр ғой?

Осының алдындағы үш жылдың қорытындысы бойынша 2021, 2022, 2023 жылдары интернет-алаяқтық санының жыл айларына байланысты тұрақты өсу үрдісі бар екеніне назар аударғымыз келеді. Мәселен, жыл басында осы санаттағы қылмыстардың салыстырмалы түрде төмен деңгейі байқалады, қылмыстардың саны айына 3000-5000 іс болса, желтоқсан айында шарықтау шегіне жетіп, 20 000-нан астам қылмыстық іс тіркеледі. Жылдың соңына қарай осы санаттағы қылмыстардың саны өсетінін ескере отырып, бұл жағдай азаматтарды декларациялау процесімен байланысты болуы мүмкін деп болжаймыз.

Неге біз депутаттық сауалда «интернет-алаяқтық» санатындағы қылмыстарға айрықша назар аударамыз? Себебі дәл осы статистика құқық қорғау органдарының осы санаттағы қылмыспен күресте қабілетсіздігін көрсетіп отыр. «Алаяқтық» санатындағы істерді тергеу және ашу кезінде ешқандай мәселе байқалмайды. Тек киберқылмыс қана біздің құқық қорғау органдарын «тұйыққа тіреп отыр».

Жоғарыда айтылғандардан мыналарды атап өтуге болады:

  1. Алаяқтар біздің еліміздің шегінде. Мемлекеттік құрылым қызметкерлерінің дербес деректерді заңсыз алу, тарату фактілері бар.
  2. Интернет-алаяқтық санатындағы қылмыстардың ашылуы 50% -дан кем, бұл қылмыскерлердің әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды қорғауға қандай да бір кепілдіктің жоқтығын көрсетеді.
  3. Барлық ересек азаматтардың мүлкі, ақшасы мен асыл заттары көрсетілетін жалпыға ортақ декларация - біздің дербес деректеріміздің нашар қорғалатынын ескеретін болсақ, қылмыстық ұйымдар үшін қолайлы жағдай жасайды деп түйіндейміз. Азаматтардың дербес деректерін сату, жариялап жіберу қорқытып алушылық, ұрлық және алаяқтық санының ұлғаюына алып келеді.

Жоғарыда баяндалған мәселелерден мынадай қорытындыға келеміз:

Уәкілетті органдардың қылмыстық және әкімшілік ресурстар арқылы біздің азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға қабілетсіздігі айқын.

Бүгінгі күннің өзінде жаппай декларациялау енгізілмей түрғанның өзінде дербес деректерді қорғау тетіктері жұмыс істемейтінін ескере отырып, біз азаматтар үшін Жалпыға бірдей декларациялауды енгізуге дайынбыз ба?

Біз Азаматтардың жалпыға ортақ декларациясын енгізуде асығыстық жасап отырған жоқпыз ба? Сіз жеке жауапкершілікті өз мойныңызға ала отырып, азаматтардың декларацияланатын деректері қылмыстық саудаласудың және деректердің таралып кету нысанасына айналмайтынына және қылмыскерлердің қолына түспейтініне кепілдік бере аласыз ба?

Осы депутаттық сауалға жауап беру кезінде Сіздерден, «қағаз бәрін көтереді» қағидатына сүйенбеуді табанды түрде сұраймыз. Біз міндетті түрде осы мәселені бақылауда ұстаймыз және азаматтардың дербес деректерінің сақталуын бұзудың әрбір фактісін мұқият қадағалайтын боламыз.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева