Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А.Бектеновке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Қазіргі таңда елімізде 21 387 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
Бұл сандардың әрқайсысының артында қиындық пен белгісіздікке толы адам өмірі тұр. Бұл жәй статистика емес, бұл - біздің балаларымыз, біздің болашағымыз. Және сол балалардың болашағы уайым-қайғысыз болуына біз жауаптымыз. Мемлекеттен жылына осы балаларды қолдауға 38,7 млрд теңге бөлінеді. Ал бұл қаражаттың тек 7,5 млрд теңгесі ғана отбасыларда тұрып жатқан 17 660 балаға жұмсалады.
Бюджет қаражатының басым бөлігі, яғни 31,2 млрд. теңге, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесіндегі 121 ұйымдарға бөлінеді, сол жерде орналасқан 4 137 баланы асырауға жұмсалады. Ал 1 баланы асырауға жылына 7,5 млн. теңге бөлінеді.
Кімде-кім бұл балалардың тағдыры қалай болатынын ойлайды ма?!
Балаларды тәрбиелеудегі түпкі мақсат, олардың әлеуметтік санатына қарамастан, қоғамда бәсекеге қабілетті және парасатты азаматты дайындау болуы тиіс.
Асыраушы ана ретінде үлкен тәжірибеге ие бола отырып, балалар үйлерінің қызмет жүйесінде анықталған бірқатар мәселелермен бөліскім келеді.
Біріншіден, бүгінде қазақстандық қоғам балалар үйлерін жабу қажеттілігі туралы айтып келеді. Елімізде балалар үйінің функцияларын балаларды қолдау орталықтары атқарып жатыр.
Алайда, ол жерде балаларды отбасында өмір сүруге дайындау жүйесі жоқ, сонымен бірге баланың отбасыға бейімделіп, тұрақты орналасып кетуі барысында сүйемелдеу мен оны бақылау да жоқ.
Ресми мәліметтерге сәйкес, соңғы 5 жылда балаларды балалар үйіне қайтару саны 70% -ға жетіп қалды. Балалардың қайтып келуінің алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балаларды кәмелет жасқа толғанға дейін отбасыларда сүйемелдеу міндеттілігін нормативті бекіту қажет.
Елімізде бала асырап аламын деген отбасыларды қолдап жағдай жасаған дұрыс деп есептеймін.
Екінші, балалар үйлері түлектерінің өмір сүруін бақылаудың жоқтығы.
Балалар үйінен шыққаннан кейін олардың тағдырын кім бақылайды? Баспанасы, тіркеуі, жұмысы, күнкөріске қаражаты бар ма?! Үлкен өмірге қадам басып, барлық мәселелермен жалғыз өздері қалады. Балалар тәуелсіз өмірге бейімделмеген, қиындықтарға дайын емес, алаяқтар мен қылмыскерлердің құрбаны болып, несиеге батып жатыр. Біз бұл жағдайды өзгерту үшін нақты шешімдерді ұсынуға міндеттіміз. Балалар үйінің түлектері әлеуметтік қызметтердің, еріктілердің көмегінсіз шеше алмайтын көптеген мәселелерге тап болады. Тәлімгерлік олардың бейімделуіне көмектесетін ұзақ мерзімді процесс болуы тиіс.
Үшіншіден, біздің партия жетім балалар баспана алуы тиіс деген мәселені бірнеше рет көтерген болатын. Қазір, үй алу кезегінде 62 352 адам тұр. Бұл қарқынмен осы балалардың біреуі 100-120 жылдан кейін ғана баспана ала алады. Біз тәсілдемені өзгертіп, тұрғын үй ваучерлері немесе жекешелендіру құқығы бар жалға берілетін тұрғын үй сияқты тетіктерді пайдалануды ұсынған болатынбыз. Біздің ұсыныстарымыз Үкіметпен әлі күнге дейін қарастырылмады.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, аталған мәселелерді шешу бойынша қандай іс-шаралар жоспарланғаны және орындалғаны туралы ақпарат беруіңізді сұраймыз.
«Кім Алла ризалығы үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиген әр шашы сайын жақсылық болады» дегендей, ата-ана махаббатынан айырылған бүлдіршіндерімізге қамқорлық жасау - адамгершіліктің ең жоғары түрі екенін ұмытпауымыз қажет.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Смирнова
М. Магеррамов
К. Сейтжан
И. Сұңкар
Г. Танашева