Қазақстан Республикасы
Көлік министрі
М.К.Қарабаевқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Марат Кәрімжанұлы!
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында біздің мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы - адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жазылған. Ал 14-бапта – «ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» делінген. Өкінішке қарай, біздің бүгінгі қоғамымызда мұндай кемсітушіліктің бар екенін, тіпті әуе тасымалы қызметтерін көрсету саласында өркендеп жатқанын ашына айтар едім. Қажетті жол жүру құжаттарын толық төлеген мүгедектігі бар адамдар қазақстандық авиакомпаниялардан ақысы төленген қызметтерді толық көлемде ала алмайды.
Атап айтсақ, көру және есту қабілеттерінде проблемалары бар мүгедектігі бар адамдар көбінесе ақпарат алудан ажыратылған. Қарапайым мысал - әрбір жолаушы креслосының қалтасында бар төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы буклеттер зағип жандар оқитын Брайль шрифтімен жабдықталмаған. Көру және есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдар стюардтар мен стюардессалардан қажетті қосымша түсініктемелер ала алмайды.
Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар да жекелеген проблемалармен бетпе-бет келеді. Елімізде ерекше қажеттіліктері бар адамның түрлі себептермен мүгедектер арбасын бортқа ала алмайтын немесе тіпті багажға тапсыра алмайтын дау-жанжалдар жиі туындайды. Қазақстанның авиаборттарында және әуежайларында жолаушының ерекше қажеттiлiгiн ескере отырып жасалған креслоаралық арбалар жоқ, мамандандырылған креслолар жоқ, лифтiлер мен көтергiштер жоқ. Яғни ұшақ бортындағы әрең қозғалатын адам көмекші құралдардан айырылып, мүлдем дәрменсіз болып қалады. Бұл мәселені әуе компаниясы әуежайға, ал әуежай - әуе компаниясына сілтейді.
Егер салыстыра айтатын болсақ, шетелдік әуе жолдарында мұндай мәселе мүлдем жоқ. Мен шетелде болған кезімде, мүгедектігі бар жолаушыларға деген жанашырлық көзқарасқа әбден қанықтым. Көлік, сүйемелдеу, ақпарат беру, не қажетті нәрсенің бәрі бар. Алайда, неліктен біздің әуежайлар, оның ішінде өздерін халықаралық деп атын дардай етіп жүрген әуежайлар ештеңе істемей, қол қусырып отырады?
Неліктен әуежайларда мүгедектігі бар адамдарға, қарт жолаушыларға немесе емізулі балалары бар ата-аналарға қалыпты дұрыс қызмет көрсете алатын орталықтар жоқ? Ұшақтарда да мұндай қызмет жоқ. Бұл барлық қазақстандық әуе компанияларына тән. Мүгедектігі бар адамдарға жалпы кезекте қызмет көрсетіледі, онда да өздерінің ерекше қажеттіліктері туралы алдын ала хабарлағанымен, ешқандай барабар қызметтерді ала алмайды. Оларға тіркеу кезінде ұсынылатын бар қызмет түрі - медициналық қызметкерлерді шақыру. Ал ол медициналық қызметкерлердің өзі мүгедектігі бар адамдармен қалай қарым-қатынас жасауды білмейді. Бұл мәселенің медициналық емес, әлеуметтік мәселе екенін ешкім де түсінгісі келмейді.
Теориялық тұрғыдан мүгедектігі бар адамдар үшін әуе билеттеріне 50% жеңілдіктер бар. Алайда, оларды алу іс жүзінде мүмкін емес. Тіпті, ерекше мұқтаждықтары бар адамдар өздеріне қажетті жағдайлар туралы алдын ала хабарлаған кезде әуе компанияларының «мұндай жолаушыларға билет сату керек пе, жоқ па?» деп ұзақ уақыт, екі тәуліктен астам ойланған кездер де болған. Бізде мүгедектігі бар адам үшін жеңілдік жасай отырып, бірақ оны алып жүруші тұлғалардан билет үшін екі есе баға алған жаңдайдар да тіркелген. Ақыл-есі бұзылған жолаушыларды, оның ішінде балаларды да, билет ақысы толық төленгеніне қарамастан, салонның соңына ауыстырған кездер де болған. Неліктен әуежайлар мен әуе компаниялары қызметкерлерінің сауатсыздығы мен дайындығының жоқтығынан елдің басқа азаматтары сияқты ақысы төленген қызметтерді алуға толық құқығы бар адамдар зардап шегуі тиіс? Мүгедектердің құқықтары жөніндегі конвенцияға Қазақстан 2015 жылы қол қойған болатын. Бірақ осы уақыт ішінде алынған барлық міндеттемелерге және қолжетімді ортаны қамтамасыз ету үшін қаржы бөлінуіне қарамастан, елде ештеңе өзгерген жоқ. Мұндай қызметтер үшін ресми танылған мемлекеттік стандарттар жоқ. Авиакомпаниялар отандық және халықаралық заңнамаға қайшы келетін ішкі ережелерді жасанды түрде жасайды және олар туралы мүгедектігі бар адамдарға соңғы сәтте ғана хабарлайды. Неге ерекше қажеттіліктері бар жолаушылар жайлы және қауіпсіз ұшу үшін ақша төлеп, корпоративтік саясаттың құрбанына айналуы тиіс?
Қазақстан Халық партиясы не ұсынады? Ең алдымен - 2015 жылы Қазақстан қол қойған Мүгедектердің құқықтарын қорғау жөніндегі конвенцияның сақталуы бойынша барлық қазақстандық әуе компаниялары мен әуежайларды тексеріп шығу.
Сәйкес келмеген жағдайда –әуе компаниялары және әуежай ұсынатын барлық қызметтерге мүгедектігі бар адамдар үшін толыққанды және қолжетімді орта құру туралы нұсқаулық енгізу. Бұл нұсқаулықта ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс істеуге персоналды даярлау, ақпаратқа толық қол жеткізуді, ілесіп жүруді және ұтқырлықты қамтамасыз ететін, мүгедектігі бар адамдар және т.б. құжаттарға қызмет көрсету және ресімдеу бойынша мамандандырылған орталықтар құру қамтылуы тиіс.
Нұсқама орындалмаған жағдайда - мүгедектігі бар жолаушыларға қызмет көрсету сервисін жақсартуға бағытталған нақты және елеулі айыппұл санкцияларын енгізу.
Ұсынылып отырған бастамалар туралы Үкіметтің пікірін хабарлауыңызды сұраймыз. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.
«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Смирнова
М. Магеррамов
К. Сейтжан
И. Сұңкар
Г. Танашева