Зиянды өнімдерге ақылға қонымды салық енгізу туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Ә. А. Смаиловқа

                                         ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 

                                       Құрметті Әлихан Асханұлы!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында дамудың басым бағыттарының бірі ретінде тиімді салық саясатын іске асыруды және «Бюджетті басқарудан» «Нәтижені басқаруға» көшу жолымен бюджет саясатын реформалауды тапсырды.

Қазіргі уақытта салықтық әкімшілендірудің жағдайы көңіл көншітпейді. Бюджетке салық пен төлемдердің дер кезінде түспеуіне атүсті қарау үдерісі байқалады.

Біз салықтық әкімшілендіру белгіленген жоспарға қол жеткізу мақсатында формальды бұзушылықтар негізінде жазалауға бағытталғанын, бұл ретте бюджетті толтырудың нақты құралдары назардан тыс қалып жатқанын көріп отырмыз.

Мысалы, жидек пен саңырауқұлақ жинауға салынатын салық. Құдды бір, елде барлық маңызды істер мен міндеттер орындалып, тек саңырауқұлақ пен жидек жинауға салық салу ғана қалғандай.

Жидек пен саңырауқұлақ жинау маусымдық жұмыс және бұл іспен көбінесе жасы ұлғайған адамдар, яғни ата-әжелер немерелерімен бірге айналысады. Әдетте олардың жасы 6-60 жас аралығында болады. Сонда салық немеес айыппұл кімге салынады?

Бұл фактілер жидек пен саңырауқұлаққа салынатын салықтың негізсіз екенін көрсетеді. Бұған қоса ата-әжелерден бюджетке көп кіріс күтпеу керек. Сонымен қатар бұл жаңашылдық сыбайлас жемқорлық тәуекелі мен әлеуметтік шиеленістің ықтималдығын ұлғайтады. Үкімет өзекті мәселелерді талдай алмайды және тиімділігі төмен шешім қабылдайды.

Бүгінгі таңда әлемде зиянды тағамға салық салу тәжірибесі кең таралған.

Соңғы он жыл ішінде мұндай салық Дания, Эквадор, Мысыр, Франция, Венгрия, Мексика, АҚШ және басқа мемлекеттерде енгізілді. Медициналық қызметтің дерегінше, көп жағдайда бұл шаралар халықтың денсаулығына оң әсер етті, өйткені зиянды өнімдерді тұтыну көлемін төмендетті.

Жалпы, көптеген зерттеулерде көрсетілгендей, «Қоғамдық денсаулықты қолдау үшін енгізілген салық» өз мақсатына жетті. Салықтың осы түрі енгізілген елдерде азық-түлік өнімін өндірушілер мен сатушылардың 70% - ы зиянды және қосымша салық салынатын компоненттердің мазмұнын азайтты.

Біздің ойымызша, үкімет жидек сияқты пайдалы тағамға емес, халықтың денсаулығына зиян келтіретін тағамға салынатын салықты көтеруі керек. Сондықтан біз зиянды өнімдерге салық салуды қарастыруды, ал табысы төмен отбасыларға пайдалы өнім сатып алатын ваучер беруді ұсынамыз.

Қолданысқа «ақылға қонымсыз» емес, ел мен адамдарға пайдалы салық енгізу қажет.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес, заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

М. Магеррамов

И. Сұңқар

К. Сейітжан

И. Смирнова

Г. Танашева

24.05.2023 ж. жарияланды