Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат, облыстық филиал жетекшісі Ерғали Жұмағұлов Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызыл жар сүт» кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесті.
Ерғали Жұмағұлов көпшілікке Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ол партия елдің билігі мен байлығы олигархтардың қолында емес, халықтың иелігінде болуы тиіс деп санайтынын жеткізді.
– Партияның саясаттағы басты формуласы: Әділ Президент – Ықпалды Парламент – Халықтық Үкімет. Біз Ата заңға «Жер және жер қойнауы халыққа тиесілі» деген түзетудің енгізілуіне бастамашы болдық. Елдің әрбір азаматы табиғи байлықтан үлес алуға тиіс! – деді Ерғали Жұмағұлов.
Оның айтуынша, мемлекет агроөнеркәсіптік кешенге, ауыл инфрақұрылымына инвестиция құйып, өнім өндірумен айналысатын азаматтарды қолдау көрсетуі керек.
Ерғали Жұмағұлов сайлаушылардың дауыс беру нәтижесі бұрмалануы мүмкін бе деген сауалға жауап беріп, 19 наурызда өтетін сайлауда дұрыс таңдау жасауға, Қазақстан Халық партиясына дауыс беруге шақырды.
Айта кетейік, дәл осы күні Е.Жұмағұлов «Alageum» зауытының еңбек ұжымымен кездесті.