Қазақстанда отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту қажет

dep.jpg

Мәжіліс депутаттары отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға бағытталған Заң жобасына бастамашы болуға дайын. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева мәлімдеді.

Мәжіліс депутатының айтуынша, қазіргі уақытта әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық Орталық Азия мен Қазақстанда адам құқықтарын қорғау саласындағы маңызды мәселелердің бірі болып отыр.

– Салтанат Нүкенованың қаза болуына байланысты таяуда болған қайғылы оқиғаның қоғамдық резонанс тудырғаны кездейсоқ емес, - дейді Танашева. - Бұл іс бойынша тергеу жүргізілуде, мәселе ІІМ бақылауында. Енді тек тергеу нәтижесін күту қажет. Дегенмен, отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы әрдайым өзекті болып қала беретінін атап өткім келеді.

Қоғамда соңғы кездері отбасындағы қатыгездік оқиғалары көбейіп, әйелдер мен балалар зардап шегуде. Статистика бойынша, әрбір үшінші қазақстандық әйел өмір бойы ұрып-соғуға, жыныстық мәжбүрлеуге немесе қатыгездіктің өзге де түрлеріне ұшырайды. 2-14 жас аралығындағы әрбір екінші бала отбасында жазаның қатаң түрлерін бастан кешіреді. Жасөспірімдердің қайырымсыз, қатыгез болып өсуінің себептері де отбасында жатыр.

– Келе-келе қол көтеру әдетке айналады, ал оның соңы ауыр зардаптарға алып келеді, - деп түсіндіреді ҚХП-нан сайланған депутат. – Негізінен осындай «қатыгез жанға» әйелдер материалдық және психологиялық тәуелді болып, жылдар бойы қорлау мен кемсітушілікке ұшырайды. Сондай-ақ, жас балалар да қорқынышты отбасылық көріністердің куәсіне немесе құрбанына айналып отыр.

Осы тұста «Зорлық-зомбылық әрекеттерімен қалай күресуге болады?» деген сұрақ туындайды. Әзірге тиімділігі даусыз жалғыз нұсқа - тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату.

– Мәселенің маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, - деп атап өтті Танашева, - ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттары балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған Заң жобасына бастамашылық жасауға дайын.

Қазақстан Халық партиясы бұған дейін де отбасылық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жазаны қатаңдатуды жақтап келген. Бұл ҚХП платформасында жазылған. Сонымен қатар, партия мүшелері зардап шеккендерге мемлекет тарапынан психологиялық, заңгерлік және материалдық көмек көрсету шараларын жүзеге асыруды ұсынған болатын.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy