Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев АЭС құрылысы бойынша жалпыхалықтық референдумда дауыс берді.
6 қазан күні таңертең ҚХП басшысы Астанадағы М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында орналасқан сайлау учаскесіне барды.
– Бұл референдум Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл посткеңестік елдер үшін де өте маңызды оқиға. Халқымызға елдегі атом энергетикасы сияқты стратегиялық саланының ары қарайғы даму жолын өздері шешім қабылдай отырып айқындауға бірегей құқық берілді, – деп атап өтті Ермұхамет Ертісбаев.
Референдумға Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаттары да қатысты. Олардың сайлау учаскесі №66 орта мектепте орналасқан.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен АЭС құрылысы бойынша жалпыхалықтық референдум 2024 жылдың 6 қазанына белгіленген болатын. Бюллетеньде бір сұрақ көрсетілген: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?». Ал дауыс берушінің таңдауына екі жауап нұсқасы ұсынылды: «иә, келісемін» және «жоқ, келіспеймін».
Дауыс беру тек республика аумағында ғана емес, одан тыс жерлерде де, яғни, Қазақстан Республикасының 59 елдегі елшілігі жанынан ашылған сайлау учаскелерінде де өтеді. Референдумды өтті деп тану үшін 6 миллионнан астам қазақстандық дауыс беруі керек.
Қазақстандағы референдумды тек жергілікті ғана емес, сонымен қатар ТМД ұйымдары, ШЫҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы және АӨСШК өкілдерінен тұратын 30 елдің халықаралық байқаушысы бақылап отыр. Сонымен қатар, мониторингке 14 мемлекеттің Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қатысады.