Ғылымды бюрократиядан арылту қажет

dep.jpg Ғылым «атақ» саудасына айналмауы керек, ол қоғам мен мемлекеттің игілігі үшін қызмет етуі тиіс деп санайды Қазақстан Халық партиясының депутаты Ислам Сұңқар. Мәжілісмен Үкімет сағатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке ҚХП фракциясының ұстанымын жеткізді.

И. Сұңқар Қазақстанда елді дамытуға қажетті жобаларды іріктеу мен қаржыландыруға жүйелі көзқарас жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, ғылым тәжірибеге және оны қолдануға қатысы жоқ қағаз көрсеткіштерге батып кеткен.

– Ғылыми бюрократия арқылы жеке адамдарды байыту мүддесін көздейтін тәсілден бас тартатын уақыт келді, – деді ҚХП депутаты.

Ғылыми кадр санын көбейту маңызды мәселе. Шенеуніктер бұл жерде асыра сілтеп жібереді. Олар өздері қалаған уақытта ғалымдарды қаптатып, басқа уақытта қатаң іріктеу талабын енгізіп, ғалымдарды іске алғысыз етіп тастайды. Салдарынан ғылыми атақ алу жолында түсініксіз кедергілер туындап, бюрократия белең алады.

– Қазақстандық ғалымдар ғылыми-педагогикалық білім мен ғылыми дәреже алу үшін шетелге жиі барады, – деді И. Сұңқар. – Кейін олар Қазақстанға оралмай, сол жақта қалып қояды.

Ғалымдарды түсінуге болады. Елде ғылыми кадрлардың жалақысы Еуропа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. – Ғылыми кадрларды даярлау саясатын түбегейлі реформалау қажет, – деп қорытты сөзін депутат. – Ғылым комитетінің жан-жақты бақылауынан бас тарту, тікелей қаржыландыруға көшу, жалақыны арттыру, ғылыми кадрларды даярлау процесін қаржыландыруға қаражат бөлу және бәсекелестік орта құру керек.

Мәжілісмен Халық партиясының ұсынымын Ғылым және жоғары білім министрлігіне жазбаша тапсырды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy