ҚХП фракциясы Парламенттегі алғашқы жұмыс күндері жөнінде есеп берді

Қазақстан Халық партиясы өңірлік филиалдармен Саяси кеңес отырысын өткізіп, сайлаудың нақтыланған қорытындысын шығарды. Іс барысында «Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясының Мәжілістегі алғашқы жұмыс күндерінің қысқаша есебі тыңдалып, ішкі мәселелер талқыланды.

ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев электоралды кампанияға қатысқан партияластарына шын жүректен ризашылығын жеткізді.

– Филиал басшыларына, қатардағы партия өкілдеріне, еріктілерге партияның жетістікке жетуіне өлшеусіз үлес қосқаны үшін алғыс білдіремін, – деді ол. Партия төрағасы өңірлік филиал өкілдері алдағы жұмыстарды ерекше қарқынмен атқаруға тиіс екенін мәлімдеді.

– Біз сайлауды ресми түрде мойындадық, – деп атап өтті ҚХП төрағасы. – Бізді облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау күтіп тұр. Біз Мәжіліс депутаттарымен ынтымақтастықта жұмыс істеп, филиалдармен бірлесіп, өңірлердің өзекті мәселелерін көтереміз.

ҚХП фракциясының басшысы Магеррам Магеррамов депутаттардың парламенттік қызметіне тоқталып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған кездесуде фракция басшылары премьер-министр Әлихан Смайыловтың кандидатурасын талқылағанын баяндады.

– Біз дауыс беруден қалыс қалу туралы шешім қабылдадық, – деді М. Магеррамов. – Біз әлсіз премьер-министр бастаған Үкімет Мемлекет басшысының ауқымды міндеттері мен бастамаларын орындай алмай отырғанына алаңдаушылық білдірдік.

ҚХП фракциясының басшысы болашаққа арналған жоспарды жариялап, партия құқықтық реформа мен елдің экономикалық әлеуетін арттыру бағытталған ұсыныстар пакетін әзірлеп отырғанын жеткізді.

Саяси кеңестің күн тәртібінде қаралған келесі мәселе – кадрлық ауыс-түйіс.

– Сайлау науқанын өз деңгейінде өткізу мақсатында Саяси кеңесте орынбасарларымның санын көбейту туралы шешім қабылданды, – деп еске салды ҚХП төрағасы. – Олар өңірлерде Халық партиясының өкілі болды. Сайлау аяқталды, біз орталық аппараттың жаңа, оңтайлы құрамын қалыптастырып жатырмыз.

Дауыс беру қорытындысында Ирина Смирнова, Александр Милютин, Хакім Көшқалиев, Талғат Темірханов, Айқын Қоңыров, Серікқали Мұқашев ҚХП төрағасы орынбасарының орынтағын босатты. Наиль Сайфуллин мен Асхат Асылбеков лауазымдарын сақтап қалды. Жаңа жұмыс құрамына ҚХП парламенттік фракциясының басшысы Магеррам Магеррамов пен аппарат басшысы Мирас Аукенов кірді.

Отырыс Саяси кеңес мүшелерін қайта тағайындаумен және ҚХП Саяси бюросының құрамын қайта сайлаумен аяқталды. Саяси кеңес құрамына Гаухар Танашева, Кенжеғұл Сейітжанов, Жандос Құрманбаев, Дамир Қабдешев, Данияр Тұрар, Дастайбек Мұқанов, Дархан Жайшібеков және Дана Рахимова енді.

– Барлығы сенімді және өзін-өзі дәлелдеген партияластар! – деп сипаттады жаңа мүшелерді Е. Ертісбаев.

Саяси бюроны қайта сайлау барысында бюро құрамынан Александр Милютин, Хакім Көшқалиев, Талғат Темірханов, Айқын Қоңыров, Ирина Смирнова және Серікқали Мұқашев шығарылды. Жаңа құрамға Тілеген Бекеш, Ислам Сұңқар, Нұрсұлтан Шоқанов және Дамир Қабдешев кірді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy