4 наурызда Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Эльмира Әуезова Ақтау қаласындағы сауда орталығы және «Өнеркәсіптік кәсіпорындар басқармасы» ЖШС ұжымымен кездесті.
Жиын барысында ол Халық партиясының сайлауалды бағдарламасына тоқталды.
Бірінші – зейнет жас мәселесі сөз болды. Осы орайда партия былтыр әйелдердің зейнет жасын 58-ге дейін төмендету қозғалысын қолдап, нәтижесінде 5 жылға мораторий жарияланған болатын. Халық партиясы бұл жұмысты жалғастыруды көздеп отыр.
Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында көпбалалы және толық емес отбасыларға, сондай-ақ ерекше қамқорлықты талап ететін балаларды тәрбиелеп отырған аналарға мемлекеттен тегін тұрғын үй мен лайықты жәрдемақы берілуі тиіс делінген.
Бүгінде Халық партиясы әр балаға 70 мың теңге жәрдемақы төленуі әділетті деп есептейді.
Сонымен қатар, партия қазақстандықтар үшін қолжетімді медициналық көмек пен балабақшадан бастап тегін білім беруді жақтайды.
Спикер саяси трансформацияларға да назар аударды. Бұл турасында: «Судьялар мен әкімдерді халық сайлауы керек. Сонда ғана олар өз міндеттерін сапалы атқарып, сайлаушылар алдында есеп береді» – деді.
Кездесулер соңында Эльмира Әуезова жиналғандарды өз құқықтарын жүзеге асыру үшін 19 наурызда өтетін сайлауға белсенді қатысуға шақырды.