АСЫЛБЕКОВ АСХАТ ЗЕЙНОЛЛАҰЛЫ

АСЫЛБЕКОВ АСХАТ ЗЕЙНОЛЛАҰЛЫ

1968 жылы 5 тамызда Семей облысы Үржар ауылында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «журналист» мамандығы, Алматы менеджмент мектебін (қазіргі ALMA U/MAB) «кәсіпорынды басқару жөніндегі менеджер» мамандығы бойынша бітірген. Кейін Қазақ мемлекеттік заң академиясында «заңгер» мамандығы бойынша білім алып, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей Мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы академиясында оқыған. «Бизнес және мемлекет» мамандығын алған. Іскерлік әкімшілендіру шебері (МВА), экономика магистрі.

Қазақстанның өнеркәсіптік саясаты бойынша магистрлік диссертация қорғаған.

Еңбек жолын аудандық «Красное знамя» («Қызыл ту») газетінің тілшісі болып бастаған, Іле ауданы «Іле» совхозының МТШ-да жұмыс істеген, комитет хатшысы болған. ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде еңбек еткен. ҚР Жоғарғы Кеңесі Бақылау палатасы ұйымдастыру бөлімінің референті, Геология және жер қойнауын қорғау министрінің көмекшісі, ҚР Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитеттің жарнама және үйлестіру дирекциясының менеджері, «Қазинвест» қазақстандық инвестицияларға жәрдемдесу орталығы» РМК аға менеджері және директорының орынбасары болған. Кейін «Қазинвестконсалт» ЖШС бас директоры, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының баспасөз хатшысы қызметтерін атқарды. «Золотой теленок» баспа үйі» ЖШС, «Қазақстан Республикасында Кімнің кім екені» баспаларын басқарды.

1995 жылдан бастап «Қазақстан Республикасында Кімнің кім екені» атты өмірбаяндық анықтамалық шығарады (бірнеше басылым).

Әр жылдары жер қойнауын пайдалану және баспа салаларында жұмыс істеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық курорттық қауымдастығының бас директоры болды. ALMA U университетінде аға оқытушы ретінде қазақ топтары үшін «Өмір дизайны» және «Көшбасшылық» пәндері бойынша авторлық курс өткізді. Кәсіподақ ұжымдарын басқарып, «Бірлік» құрылыс индустриясы ТКШ және көлік қызметкерлерінің салалық кәсіподағын құруға бастамашы болды.

2022 жылдың көктемінде Қазақстан Халық партиясы төрағасының кеңесшісі қызметіне кірісті.

2023 жылғы 20 қаңтардан  ҚХП төрағасының орынбасары болып сайланды.