Әлеуметтік жетімдікті қалай тоқтатамыз

dep.jpg Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліске сайланған депутат Гаухар Танашева Алматы облыстық №1 балалар үйінің басшысы Роза Бекішова басқаратын ұжыммен кездесті.

Депутат №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен 11 жылдан бері араласады. Ол балаларға арналған іс-шараларды, оқу және психологиялық тренингтерді сонымен қатар білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға атсалысып келеді.

– Балалар үйінде тәрбиленіп жатқан, 10 жастан асқан жасөспірімдерді асырап алмайтынын түсіндім, – деп атап өтті ҚХП депутаты. – Бір баланы патронатқа алуы мүмкін, осымен тәмам. Бұл балаларға да қамқорлық қажет.

Балалар үйінен шыққаннан кейін тәрбиеленушілерді не күтіп тұрғаны белгісіз. Мемлекет мұндай балаларды кем дегенде орта техникалық біліммен қамтамасыз етуге тырысады, бірақ көбінесе қамқорлық осымен аяқталады. Заң бойынша жетімдерге тиесілі тұрғын үй берілмейді, олардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі аз. Салдарынан олар заңсыздыққа қадам жасайды.

– Ешкім заңды қасақана бұзбайды, – деді Г.Танашева. – Жастар несие алады, кейін оны төлей алмайды. Мұның соңы жауапкершілік арқалауға ұласады. Қоғам селк етпейді. 18 жастағы жастармен ешкімнің шаруасы болмайды.

Қазір балалар үйлері баланы әлеуметтендіру және қоғамға бейімдеу мақсатында отбасылық үлгіде құрылады. Мемлекет жетім балаларға отбасы тауып беруге жағдай жасайды. Алайда барлық балаға ата-аналарды тауып беру мүмкін емес. – Кейбір балалардың ата-аналары көбінесе ата-ана құқығынан айырылмайды. Яғни мұндай балаларды ресми түрде асырап алу мүмкін емес, – деді Г.Танашева.

Депутат балалар үйіне түскен балаларды ғана емес, жалпы, қолайсыз отбасыларды әлеуметтендіру қажет деп санайтынын жеткізді.

– Неге мұндай отбасылар көбейіп кетті. Себебі өмір сапасының деңгейі төмен, – деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy