Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстан Халық партиясы әскери мемориалдар мен ескерткіштердің маңын көгалдандыру жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар, партия мүшелері саябақтар мен гүлзарларға ағаш отырғызып жатыр. Мұндай шаралардың мақсаты – халықтың ерлігіне деген тағзымды арттырып, келер ұрпаққа патриоттық мұраны жеткізу. Бұл бағыттағы жұмыстың ауқымды бөлігі «Мәдени мұра» партиялық акциясы аясында жүзеге асып жатыр.
Жезқазған қаласына қарасты Малшыбай ауылында Ұлытау облыстық филиалының өкілдері Ұлы Отан соғысынан оралмаған жерлестердің рухына арнап, жаңадан ашылған саябаққа жеміс ағаштарын отырғызды. Ал Ақмола облысындағы партия мүшелері «Нұр бала» балабақшасының аумағын көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастырды. Олар аумақты абаттандырып қана қоймай, халық ерлігіне құрмет белгісі ретінде арнайы ескерткіш тақта орнатты.
– Бұл жай ғана экологиялық шара емес. Бұл – біздің батырларымыздың тірі естелігі. Бүгінгі балалар – еліміздің ертеңі. Сондықтан олар кішкентайынан бейбіт өмірдің бағасын біліп, өз тарихымен мақтануы қажет, - дейді ҚХП Ақмола облыстық филиалының төрағасы Арман Тастамбеков.
Көкшетау қалалық мәслихатына ҚХП атынан сайланған депутаты Мереке Жүсіпов ерлік жайлы тарихи жадыны сақтау – әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы екенін айтты.
– Мұндай шаралар жастардың бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады, – деді ол.
Ал партияның Ақмола облыстық филиалы жанындағы жастар қанатының жетекшісі Роман Борисовский патриотизм тек сөзбен емес, іспен де дәлелденуі керек деп есептейді.
– Ағаш отырғызу – бұл болашаққа қосқан үлес қана емес, өткенге деген құрметтің де белгісі, – деді ол. – Бұл ағаштар балаларымызбен бірге өсіп, жайқалсын.
Қостанай облыстық филиалының өкілдері де пайдалы іске өз үлесін қосып, сенбілік ұйымдастырды. Шараға Қазтұтынуодағы Қостанай жоғары колледжінің студенттері де белсене қатысты. Партия мүшелері мен еріктілер аумақты қоқыстан, былтырғы жапырақтардан тазалап, қоқыс жәшіктерін жуып, аллеяларды сыпырды. Сонымен қатар, гүл отырғызу үшін орын дайындалды.