Осыдан 14 жыл бұрын, 2009 жылғы 30 қазанда Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының бірінші комитетіне 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Бұл бастаманы әлемнің 26 мемлекеті қолдады. Осылайша 29 тамыз Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні болып жарияланды.
Бұл күн бекерден бекер таңдалған жоқ. Сол кездегі Президенттің Жарлығымен 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылып, Қазақтан жаппай қырып-жою қаруынан дүниежүзі бойынша бірінші болып бас тартты. Жаһан жұрты сонда ғана атомды жаппай қырып-жоюға емес, бейбіт мақсатқа қолдануға болатынын түсінді.
Атом бомбасын сынақтан өткізу үшін Қазақстан аумағынан 18 млн га жер бөлініп, ашық сынақ жасалды. Кейін сынақ жер астында жасала бастады. Сынақ алаңында 456 ядролық және термоядролық жарылыс ұйымдастырылды.
1989 жылғы 28 ақпанда пайда болған «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов Қазақстан халқының атынан сөйлеген сөзінде ащы шындықты жеріне жеткізіп айтты. Осының ізінше «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының наразылық акциялары ұйымдастырылды.
1995 жылы ядролық қару Қазақстан аумағынан біржола аластатылды. Ал ядролық державалар Қазақстанның тәуелсіздігіне қарсы күш көрсетпеу жауапкершілігін мойындарына алып, экономикалық қысым жасамауға уәде берді. Осылайша Қазақстан адамзат тарихында тұңғыш рет жойқын қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде тарихқа енді.
Орта есеппен алғанда, бұл жерде зардап шеккендердің жалпы саны 1,5 млн. адамды құрайды.
Қазақстанда «Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң бар. Десек те 1992 жылы қабылданған құжат заман талабына сай емес.
Бұған дейін Қазақстан Халық партиясы ядролық жарылыстан жапа шеккен аудандардың тұрғындарына әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа тетігі қажет екенін бірнеше рет көтерді.
«Үкіметке тұрғындардың әрбір санатын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету және сауықтыру, нақты аумақтардың экономикалық даму саласын кеңейту, атаулы әлеуметтік жеңілдік пен преференция беру жөнінде нақты бағдарлама әзірлеу қажет, – деп атап өтті ҚХП парламенттік фракциясының депутаттары. – Бізге ядролық сынақтан зардап шеккен халықты оңалту мәселесін шешуде қателікке бой алдыруға болмайды.»