Онлайн-саудаға жаңа тауар санаты мен салықтар енгізіледі

dep.jpg

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде «электронды сауда тауары» ұғымы заңдық түрде ресімделді. Мәжіліс ЕАЭО-ның Кеден кодексі туралы 2017 жылдың 11 сәуіріндегі шартына өзгерістер енгізу жөніндегі Хаттаманы ратификациялады.

Вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл өзгерістер шетелдік интернет-дүкендерден тауар сатып алу тәртібіне әсер етеді. Атап айтқанда, ЕАЭО-ға кірмейтін елдердің интернет-сауда алаңдарынан жеке тұлғаларға халықаралық пошта арқылы жіберілетін тауарлар енді жеке санатқа бөлінді. Сонымен қатар, кедендік реттеу саласында жаңа құқықтық институт – электронды сауда операторы ұғымы енгізілмек.

– Мұндай оператор жеке тұлғалардың интернет-платформалар арқылы сатып алған тауарларына логистикалық қызмет көрсетіп, интернет-дүкендер мен кеден органдары арасында байланыс орнатады, сондай-ақ электронды сауда тауарларын кедендік рәсімдеу мен сақтау үдерістерін қамтамасыз етеді, – деді Жұманғарин.

Талқылау барысында ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл, Қазақстан Халық партиясының депутаты Кенжеғұл Сейітжан бұл жаңашылдықтар ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қызмет көрсету жағдайын жақсарта ма деген сұрақ қойды. Ол кеңестік кезеңде мүгедектігі бар адамдарға арналған тауарлар (арба, есту аппараты сияқты жабдықтар) тегін жеткізілгенін еске салды. Қазір мұндай жеңілдіктер қарастырылған ба?

– Электронды сауда – түрлі себептермен үйінен шыға алмайтын, бірақ смартфон, интернет секілді құралдарды пайдалана алатын азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Осы заң жобасы аясында ерекше қажеттілігі бар адамдарға қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба? – деді ол.

Вице-премьердің айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамада мүгедектігі бар азаматтардың пошта қызметтеріне кедергісіз қол жеткізу құқығы ғана бекітілген. Ал қалғаны – коммерциялық қызмет саласына жатады.

– Мұндай жеңілдіктерді енгізу – электронды оператордың немесе интернет-дүкен иесінің еркінде. Дегенмен, бұл бағытта олармен жұмыс жүргізуге болады. Біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әлеуметтік жауапкершілік аясында осындай бастама көтеру туралы тапсырма береміз, – деді Жұманғарин.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy