Мәжіліс «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасына енгізілетін өзгерістерді талқылау жұмыстарын жалғастыруда. Жұмыс тобының жетекшісі, Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамовтың айтуынша, аталған заң жобасына ұсынылып жатқан түзетулер мен бастамалар өте көп.
Магеррамов бұл заң жобасының маңызын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде атап өткенін еске салды. Сондай-ақ құжат Президенттің тапсырмасына сәйкес әзірленіп, Мәжіліс қарауына енгізілген.
– Бұл жаңа заң құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған мемлекеттік саясатты жүйелеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қылмыс деңгейін төмендетуге және қоғамдық тәртіпті нығайтуға сеп болады, – деді ол.
Депутат Президент қолға алған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасына да жеке тоқталды. Оның айтуынша, бұл қағидат – Жаңа Қазақстан құру жолындағы қоғам санасына сіңірілуі тиіс басты ұстаным.
– Қазіргі таңда елдегі жағдай, қоғамдағы түрлі мәселелер ашық талқыланып, сын айтылып жатыр. Бұл – қалыпты құбылыс. Жасырын, жабық тақырыптар жоқтың қасы. Мұның бәрі еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалдың серпіліс алғанын, азаматтық сана оянғанын білдіреді. Соның нәтижесінде қоғамда жаңа сапалы қоғамдық пікір қалыптасты, – деді Магеррамов.
Дегенмен, депутаттың пікірінше, қоғамдық пікір – қос қырлы құрал. Ендігі мәселе – оның қай бағытқа бет бұратынында.
– Бұл үдеріс конструктивті, жасампаз сипатта жалғаса ма, әлде оны эмоция мен арандату, бейберекет хаос билей ме – осы тұрғыда ойлануымыз керек. Біз әділетті Қазақстан құру жолындағы талпыныстың еркінсу мен қоғамдық қысымның кесірінен тығырыққа тірелуіне жол бере алмаймыз. Өйткені бұл – ел тағдырына қатысты мәселе, – деді ол.
Осы тұрғыдан алғанда, депутаттың пікірінше, «Заң және тәртіп» қағидаты – қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетігіне айналуы тиіс.