Ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдары - бұл Қазақстан тарихындағы ең қаралы да, қайғылы кезең. Бүгін өткен ғасырдың басында көптеген адамның өмірін қиған сол кездегі ел басшылығының қатыгез және шолақ саясатының құрбаны болғандарды еске алу күні.
Осы жылдар ішінде біздің еліміздің қаймақтары оқымыстылар мен зиялы қауым, қарапайым шаруалар мен малшылар, қолөнершілер мен қара халық жаппай қырғынға ұшырады. Біреулері аштықтан және суықтан өлсе, енді бірі «халық жауы» деп таңба басып, атқан оқтан, тағы бірі түрмелер мен жер аударылған жердегі ауыр жұмыстан мерт болды.
Бұл тек қазақ халқының трагедиясы ғана емес. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей отбасы, Кавказ халықтарының 507 мың өкілі, сондай-ақ қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар және т.б. жалпы алғанда 5 миллионнан астам адам көшіріліп, депортацияға ұшырады.
Қазақстан аумағында Лагерлер мен қамау орындарының бас басқармасы (ГУЛАГ) жүйесінің барлығы 11 мекемесі жұмыс істеді. Қазір олардың көбі, Карлаг (Қарағанды еңбекпен түзеу лагері) және АЛЖИР (Ақмола Отан сатқындарының әйелдеріне арналған лагерь) сияқты, сол жерде азап шеккендерді, тіпті өз өмірін қиғандарды еске алуға арналған мемориалдық кешендерге айналды.
– Біздің мемлекет қуғын-сүргіннен жазықсыз зардап шеккендерге қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге айрықша көңіл бөледі, - деп атап өтті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біз халқымыз өлшеусіз құн төлеген өткен таримыздан сабақ алуға тиіспіз.
Қазақстан Халық партиясы