Қалтаны қағатын болады!

dep.jpg

Мәжіліс экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыстық сипаттан арылту мәселелерін талқылауда. Түзетулер ҚР Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді. Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары «қылмыс жазаға сәйкес келе ме?» деп қызығушылық танытып отыр.

Осылайша, заңнаманы одан әрі қылмыстық сипаттан арылту шеңберінде Қылмыстық кодекстен қоғамға қауіп төндірмейтін экономикалық құқық бұзушылықтар үшін баптар алынып тасталады. Бұларға кредитті заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану, сондай-ақ бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманы бұзу секілді қылмыстар жатады. Олар үшін әкімшілік жаза енгізіледі. Экономикалық контрабанда мен салық төлеуден жалтаруды да iшiнара қылмыстық сипаттан арылтады.

Талқылау барысында экономикалық контрабанда тақырыбы бойынша сұрақтар туындады. ҚР ҚК-нің 234-бабына енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес, айыппұлдар 3000 АЕК-ке дейін, ал қоғамдық жұмыстар 800 сағатқа дейін ұлғайтылады. Ауырлататын жағдайларда айыппұл 5000 АЕК-ке дейін өседі, ал қоғамдық жұмыстардың сағат саны бұрынғыша қалады.

– Сіз мұны дұрыс емес деп есептемейсіз бе? - деп сұрады ҚХП фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов Қаржы мониторингі агенттігінің өкілдерінен. - Бұл ҚР ҚК 62-бабына қайшы келеді, ол бап бойынша, қоғамдық жұмыстардың бір сағатына 1 АЕК сәйкес келуі керек.

Мәжiлiс депутаты баптың басқа бөлiктерiнде де жазаның қылмысқа сәйкес келмей тұрған мысалдарын көрсетіп берді. Жаза ретінде екінші бөлікте 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге, ал үшінші бөлікте 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе шектеу көрсетіледі.

– Жауапқа тартудың төменгі деңгейі екінші және үшінші бөліктері бойынша бірдей болуы мүмкін емес, - деп мәлімдеді Магеррамов. - Үшінші бөлік бойынша төменгі мерзімді көтеру керек.

Қаржы мониторингі агенттігі тарапынан айыппұлдар мен қоғамдық жұмыстар бойынша жауапкершілікті қарау кезінде негізгі назар экономикалық орнықтылыққа аударылды деп жауап берді. Мұнда кәсіпкерлерге ең жанды жерден соққы беру, яғни, қалтаны қағу туралы шешім қабылданған.

– Заң бұзған кәсіпкерлерді көп жағдайда, бас бостандығынан айыру немесе қоғамдық жұмыстарға тарту емес, қаржылық тұрғыдан көбірек жазалау туралы шешім қабылданды, - деп түсіндірді ведомство өкілі.

Агенттік өкілі жауапкершілікті қатаңдатуға қатысты, аталған заң жобасы экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыстық сипаттан арылтуға қатысты екенін, яғни керісінше емес екенін нақтылады.

– Егер жазаны қатайтуға қатысты ұсыныстар болса, онда ҚІЖК-ні оңтайландыру аясында оларды қосымша енгізу қажет, - деп есептейді Агенттікте.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy