Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният депутаттарға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.
Министр қолданысқа енгізілген медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі жайлы сөз қозғап, бұған дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандырудың түрлі үлгілері талқы таразысына салынғанын мәлімдеді.
– Халықаралық тәжірибеде медицина қызметкерлерін қорғау үшін тиісті қорлар мен қауымдастықтар (Швеция, Канада, Дания) құру, сондай-ақ жеке нарық (АҚШ, Германия, Жапония, Түркия) арқылы кәсіптік жауапкершілікті міндетті сақтандыру жүйесі қолданылады. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың оңтайлы тетігі ретінде Швеция, Канада, АҚШ, Жапония және Түркия елдерінің нарыққа бейімделген сақтандыру моделін қолдануды ұсынып отырмыз, – деді А. Ғиният.
Бұдан кейін ол 2017 жылы министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Дербес кепілдік беру қорын құру аясында ынтымақтастық қағидаты бойынша сақтандырудың әлеуметтік моделін ұсынғанын, заң жобасы қабылданбағанын еске салды.
Министрдің мәлімдеуінше, қолданылатын модельге сәйкес, шағымды қараған кезде медициналық ұйым медиация элементтерін қолданады және медициналық қауымдастықты тартады. Бұл істі ішкі аудит қызметінің деңгейінде жүзеге асырады. Осы кезеңде мәселе медициналық ұйымның өзінде реттелуі мүмкін. Тиісті комиссия науқастың денсаулығына зиян келтірілді деген шешім жасаса, осы орайда пациентке төлем жасау үшін сақтандыру компаниясына жолдама беріледі.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл медициналық көмектің сапасын арттырып, халықаралық аренадағы қазақстандық денсаулық сақтау рейтингіне оң әсер етеді. Кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесі шамамен 304 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.
– Пациент комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда, шағым сараптамалық қорытынды беру үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тапсырылады. Оң нәтиже шығарылса, шағым бойынша материалдар, оның ішінде сот-медициналық сараптаманың қорытындысы медициналық ұйым сақтандырылған сақтандыру компаниясына беріледі. Ол жерде пациентке келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуді Денсаулық сақтау министрлігі айқындаған қағидалар бойынша сақтандыру компаниясы жүргізеді. Төлемнен бас тартқан және шешімге қанағаттанбаған жағдайда, пациент сотқа жүгінуге құқылы, – деді А. Ғиният.
Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Гаухар Танашева бұл жаңашылдық бізге өте қажет деп есептейді.
– Біз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің құқығын қорғаймыз және науқастардың мүддесін білдіреміз. Мен кардиологпын, шынымды айтсам, дәрігерлер ештеңеден сақтандырылмаған. Басқа салалардың өкілдері белгіленген уақытпен 8 сағат жұмыс істесе, дәрігерлер 24 сағат еңбек етеді. Бұл тәулік бойы, жыл бойы тынымсыз тер төгетін жұмыс.
Г.Танашеваның пікірінше, дәрігерлердің немқұрайлылығы немесе науқасқа медициналық көмек көрсетуден бас тартуы сақтандыру жағдайы болмауы тиіс. Сақтандыру өрескел қателіктерді қарастыруы керек.
– Ота жасайтын дәрігер сақтандырылғанын білсе, қатты күйзеліске түспейді. Өз кезегінде дәрігердің психологиялық жағдайы отаның нәтижелі аяқталуына негіз болады, – деді Г.Танашева.