ҚХП төрағасы соғыс ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады

2023 жылғы 9 мамырда Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағүл Байкешевке арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады.

Рзағұл Байкешев 1923 жылы 18 қазанда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Майданға 1943 жылы Сталинград пен Курс шайқасы кезінде шақырылды. Қызыл Армия қатарындағы қазақстандық жауынгер Калинин облысы үшін болған қақтығыстарға, Ржев және Великолук операцияларына қатысты.

Кейінірек Кеңес әскерлерінің құрамында Польша, Румыния және Венгрияны фашистерден азат етуге күш салды. Отанына ефрейтор шенімен оралды.

Соғыс даласындағы ерліктері үшін Рзағұл Байкешев 1 және 2 дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, кейін маршал Г.К.Жуков медалімен және бірнеше мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды.

Ұрыс алаңынан оралған жауынгер зейнетке шыққанға дейін Ақмола облысының Рождественка ауылында (қазіргі Қабанбай батыр ауылы) экспедитор болып адал еңбек етті. Екі ұл тәрбиелеп, бес немере өсірді. Қазір жеті шөбере көріп отыр.

Ұрпақтары бүгінде атасының даңқын мақтан тұтады.

– Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, тылда маңдай терін төгіп жұмыс істеген еңбеккерлерді мәңгілік құрметтейміз. Ел басына күн туғанда аталарымыз бен әкелеріміз туған топырағының бір бұрышын да жауға бастырмады, - деді Ермұхамет Ертісбаев. - Жеңіс күні біз үшін әрдайым ерлік пен өшпес рухтың қайнар көзіндей болып қала береді. Бізге бейбіт ғұмыр сыйлағандарға зор денсаулық, баянды бақыт және ұзақ ғұмыр тілеймін!

Кейіннен ҚХП төрағасы Ұлы Отан соғысы батырларының мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy