Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтар құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Түркістан облысына жұмыс сапарын жалғастыруда. Депутаттың кездесулері әртүрлі саланы қамтыды: ауыл тұрғындарынан бастап мемлекеттік қызметшілер мен партия белсенділері, спортшылар, үкіметтік емес ұйым өкілдерін қамтыды.
Сапар Сайрам ауданындағы Мәдениет үйінде жергілікті халықпен кездесуден басталды. Жиыннан кейін депутат тұрғындардың көтерген мәселелерін аудан әкімі Арман Сабитовпен талқылады. Ал ҚХП-ның Түркістан облыстық филиалының кеңсесінде өткен партия белсенділерімен кездесуде саяси процестер мен заң шығару жұмыстары сөз болды. Жергілікті тұрғындардың жиі айтып жүрген шағымдарының қатарында коммуналдық тарифтердің өсуі мен әскери қызметшілердің зейнетақы жүйесіне қатысты заңнамалық олқылықтар аталды. Осы кездесуде белсенділер Кенжеғұл Сейтжаннан Мәжілістегі заңнама жұмыстарының барысы туралы кеңірек баяндауды сұрады. Депутат Экологиялық, Су, Бюджет және Салық кодекстері қалай әзірленгенін, сондай-ақ спорт, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, лудоманияның алдын алу жөніндегі заңдар қалай қабылданғанын егжей-тегжейлі түсіндірді.
– Қазір жаңа құжат қабылданды. Соған сәйкес мәдени мекемелердің, мектептер мен балабақшалардың жанында букмекерлік кеңселердің жарнамасы болмауы тиіс. Бұған қоса, букмекерлік бизнестің ықпалын шектеуге бағытталған бірқатар норма енгізілді, – деді депутат.
Іссапар барысында депутат Түркістан облыстық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Сауран» спорт клубының ұжымымен кездесті. Мекеме жетекшісі Абай Қазиев клуб жетістіктерін таныстырды. 2021 жылы құрылғанына қарамастан, бүгінде клубта жеті түрлі спорт түрімен айналысатын 300-ге жуық параспортшы жаттығады.
– Өзім де спортпен айналысқан адам ретінде клубтың кәсіби параспортты дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын жақсы түсінемін, – деді Кенжеғұл Сейтжан.
Сондай-ақ депутат зейнеткерлерге әлеуметтік қызмет көрсететін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында болды. Мұнда оған мекеме ұсынатын қызмет түрлері таныстырылды. Келесі аялдама – Отбасын қолдау орталығы болды. Орталық басшысы Мария Досыбекова қиын жағдайға тап болған отбасыларға қандай көмек көрсетілетінін, демеушілік қолдаулардың қалай тартылып жатқанын айтып берді. Оның айтуынша, орталық жұмысына арнап арнайы қор ашу да қажет.