Мәжілісмен Текелі халқының шағымын тыңдады

Парламент депутаттары ел аймақтарына жасаған жұмыс сапарларын жалғастырып, сайлаушылармен кездесу ұйымдастырып жатыр. Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, «JAS ORTA» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар Жетісу облысындағы Текелі қаласына барды.

Сапар барысында халық қалаулысы алдымен жергілікті Жастар ресурстық орталығына аялдады. Мұнда ол орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысып, мекеме қызметкерлерімен және шақырылған жастармен пікір алмасты. Кездесу барысында жастар жоғары білімнің қымбаттығын, дарынды әрі белсенді талапкерлердің мемлекеттік грантқа қол жеткізе алмай қалған жағдайларын сөз етті. Сонымен қатар, Қазақстаннан шет елдерге білімді жастардың кету себептері мен жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа орналасудағы қиындықтар кеңінен қозғалды. Әсіресе, табысты еңбек жолын бастау үшін лайықты жағдайдың болмауы өзекті мәселе екені айтылды.

1

2

– Көбіне студенттер бір мамандық бойынша білім алады да, кейін сол салада жұмыс істеуге мүмкіндік таппай жатады. Бұған еңбекақының аздығы себеп. Ақыры олар күнкөріс қамымен мамандығына қатысы жоқ жұмысқа орналасып, біліктілігін жоғалтады, – деді Ислам Сұңқар.

Кейінірек ҚХП депутаты тұрғындарды жеке қабылдап, партия фракциясының қызметі, қазіргі заң жобалары мен бастамалары туралы айтып, халықтан келіп түскен өтініштермен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өз кезегінде тұрғындар ауыз судың сапасына қатысты шағымын білдіріп, қала инфрақұрылымының баяу дамып жатқанын және жолдардың сын көтермейтінін жеткізді.

9

10

Сапар аясында Ислам Сұңқар Текелідегі өңірлік маңызы бар энергетикалық нысандардың бірі – Текелі энергокешеніне барды. Кәсіпорын басшысының орынбасары Игорь Шацкий нысанның қазіргі жағдайы мен ондағы ауқымды жаңғырту жұмыстары жөнінде баяндады. Қазір мұнда қуаттылығы 53 МВт болатын бу-газ қондырғысы орнатылып жатыр. Сонымен қатар, жаңа газ құбыры тартылып, гидросынақтың алғашқы кезеңі аяқталған. Жоба 2026 жылға дейін жүзеге асырылады. Жаңғырту жұмыстары Текелі қаласын ғана емес, оған жақын орналасқан елді мекендерді де тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

7

– Өңірлік энергетиканы дамыту – бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі үшін маңызды мәселе. Әсіресе, энергетикалық жүктеме артып жатқан қазіргі жағдайда бұл тақырыптың өзектілігі арта түсуде, – деді Мәжіліс депутаты.

Сапардың соңғы нүктесі – депутаттың жергілікті бастауыш партия ұйымына баруы болды. Мұнда Ислам Сұңқар жаңа мүшелерге ҚХП-ның партиялық билеттерін табыстау рәсіміне қатысты.

4

5

6


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy