Әбдіғали Қаймолдиннің ғұмырынан бір үзік сыр

Соғыс ардагерлерінің ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі әрі өнеге. Біз оларға мерекеде ғана емес, күнде құрмет көрсетуіміз керек. Бүгін өмірбаяны бір кітапқа жүк болатын аңыз адам, Екінші дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагері Әбдіғали Қаймолдин жайлы қалам тербейміз.

Семей облысы Абыралы ауданы Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген бала Әбдіғали 1938 жылы жеті жылдық мектепті бітіріп, жоғары сыныпқа көшеді.

– 1941 жылы қазан айында 10 - сыныпта оқып жүріп, өз еркіммен әскерге аттандым, – деді ақсақал. Содан бері қаншама уақыт өтті. Алайда барлық оқиға соғыс ардагерінің санасында сайрап тұр. Ол 1941-1945 жылдар аралығында Сталинград, 1-Украина, 1-Беларусь, 3-Балтық жағалауы майдандарында шайқасты. Ардагер соғыс жайлы естелікті қиналып айтады. Себебі ұрыс даласындағы қиян-кескі соғыс пен көз алдында болған адам шығыны жанын аяздай қариды.

– Сталинград майданы басында Воронеж майданы деп аталды. Осы жерде мені 1942 жылғы қыркүйекте комсомолдан партия мүшелігіне кандидат ретінде қабылдады. 1942 жылғы 19 қарашада жауға қарсы шабуыл басталды, – деді соғыс және еңбек ардагері.

Бұл кезде Қызыл Армияның артиллериялық сарбазы Әбдіғали Қаймолдин 21 жаста еді. Ол сол кезден бастап (Кеңес Одағының ыдырауын қоса алғанда) Социалистік идеалдарға адал болды. Қазіргі қазақстандықтар үшін бұл оқиғалар тізбегі немесе жан алысып, жан беріскен сәттердің қысқаша мазмұны баяндалған тарихи анықтама болып көрінуі мүмкін. Ал Ә. Қаймолдин үшін бұл кезең өмір мен өлімнің текетіресі болды.

Кейіпкеріміз 4 рет жараланды. Алғашқы жарақатты Сталинград үшін шайқаста алды. – 1942 жылы біздің зеңбіректер жаяу әскердің алдына қойылды, – деді ол. – Дәл сол кезде гитлерлік Германия «Жолбарыс» атты танкі мен «Фердинанд» деген зеңбірегін шығарды. Оларды тек бронь тесетін снарядпен ғана тоқтатуға болатын. Біз жауға бетпе-бет тұрдық. Мен осы ұрыста алғаш рет жараландым. Ә. Қаймолдин Харьков, Курск доғасы шайқасына, Шығыс Пруссия операциясына, Балтық майданына сонымен қатар Кенигсбергті азат етуге қатысты.

Соғыстағы батырлығы мен батылдығы үшін «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Ол бейбіт заманда ел үшін еңбек етті. Ширек ғасыр партиялық қызметте тер төкті. – Әскери қызметке 15 жыл уақытымды арнадым, – деді кейіпкеріміз. – Соғыста және полигонда өткізген бір жыл 3 жыл деп саналатынын ескерсек, барлығы 45 жыл болады. Мұның сыртында 25 азаматтық қоғамда жұмыс істедім. Сонда жалпы еңбек өтілім 70 жыл.

Ә. Қаймолдин 2 ұл мен 2 қыздан немере, шөбере сүйді. Ардагердің айтуынша, ұрпақ тәрбиесі үнемі басты назарда тұруға тиіс.

– Қоғамда соғыс тарихын бұрмалайтын қаскөйлер бар, – деді ол. – Біз Ұлы Жеңістің құны қымбат, тым қымбат екенін бағалай білуіміз керек.

Ә. Қаймолдиннің ерлігі тәуелсіз Қазақстанда да лайықты бағаланды. Мемлекет басшысының Жарлығымен 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен жанқиярлығы мен соғыстан кейін мемлекеттік және қоғамдық қызметке белсенді қатысқаны үшін оған «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырылды.

Ә. Қаймолдин бейбіт және тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқан батырлардың бірі. Біз Ұлы Отан соғысы жылдарында кеудесін оққа тосқан жауынгерлердің ерлігін келешек ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Ешкім де, ештеңе ұмытылмайды!

Қазақстан Халық партиясы социализм мұратына адалдық танытып келе жатқан партиялас азаматты мақтан тұтады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy