Адам саудасынан зардап шеккендерге қалай қолдау көрсетіледі? Бұл мәселені «ҚР Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасын талқылау барысында Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова көтерді.
Заң жобасында адам саудасы құрбандарының құқықтары айқындалады, «адамды пайдалану» термині халықаралық конвенцияларға сәйкес келтіріледі, сондай-ақ осы саладағы қылмыстар ауыр қылмыс санатына жатқызылады. Және, әрине, осы қылмыстан зардап шеккендерге көмек көрсету маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
– Қазіргі уақытта адам саудасының құрбандарына уақытша тұратын баспана беріліп, қоғамға кірігу бойынша басқа да шаралар жасалады, - деп атап өтті Ирина Смирнова. - Заң жобасымен әлеуметтік қолдау тізімі едәуір кеңейтілуде. Адам саудасының құрбандары көмек алу үшін қалай сәйкестендіріледі? Оларға арнаулы әлеуметтік қызметтер аясында қандай көмек көрсетіледі? Осындай құрбандарды орналастыру кезінде гендерлік тәсіл ескеріле ме?
Мәжіліс депутатының бұл сұрағына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері жауап берді. Олардың айтуынша, 2016 жылы адам саудасының құрбандары үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары бекітілген. Қылмыс құрбандарын сәйкестендіру осы стандарттарға сәйкес жүргізіледі.
– Қазақстанда адам саудасының құрбандарын орналастыру үшін бүгінгі таңда 19 дағдарыс орталығы қарастырылған, - деп хабарлады министрлік өкілдері. - Олардың бірі мемлекеттік, 18 орталық ҮЕҰ базасында құрылған.
Ведомство өкілдері мұндай орталықтарға орналастыру кезінде гендерлік аспект, әрине, ескеріледі, ерлер жеке, әйелдер жеке орналасады деп түсіндірді.
– Адам саудасының барлық құрбандарына арнайы әлеуметтік - медициналық, психологиялық, педагогикалық, заңгерлік қызметтер көрсетіледі, - деді Еңбек министрлігінің қызметкерлері.
Дағдарыс орталықтарында адам саудасының құрбандары жарты жылға дейін, ал егер азаматтарға стационарлық емдеу қажет болса, онда 9 айға дейін тұра алады.