Астана прокуратурасы электронды әмияндарда 350 млн теңгеден астам мөлшердегі қаржысын жасырған 170 борышкерді анықтады.
– Алимент төлеуден жалтару фактілері бойынша (ҚҚ-нің 139-бабы бойынша) 30 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, осыдан кейін 45 млн теңгеге берешек өтелді, – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Қылмыстық істердің нәтижесінде 7 борышкерге бас бостандығын шектеу және қоғамдық жұмыстарға тарту жазалары тағайындалды. Тағы 20 істі полиция тергеп жатыр, бір іс соттың қарауында. Жалпы, республика бойынша 1,7 мың алимент төлеуші борышкер қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот орындаушылары 2,3 млрд теңгеден астам қарыз өндіріп алды. Осылайша, 15,5 мың баланың құқықтары қорғалды. Алайда, бұл әлі жеткіліксіз. Себебі, Қазақстанда 253 мың борышкер ата-ана балаларына 20 млрд теңгеге жуық қарыз.
Бұған дейін Қазақстан халық партиясы фракциясының басшысы Магеррам Магеррамов елімізде мемлекеттік алимент қорын құру арқылы мәселені шешуді бірнеше рет ұсынған еді. Мәжілісмен Қазақстанда миллиардтаған сомада алименттік берешек барын да айтқан болатын. Бұл ретте мемлекет те тастанды балалардың құқықтарын қорғаудың орнына, мәселеге аса мән бермей отыр. Жалғызбасты аналар алимент үшін жалғыз күреседі, ал жауапсыз әкелер жазаланбай, еш уайымсыз өз қорын жинап жүр.
– Мемлекеттік алимент қоры бюджеттен тыс түсімдерден құрылады. Оның негізгі мақсаты – үш айдан артық қажетті төлемді алмаған балаларға алимент төлеу. Ал мемлекет осы қаражатты борышкерлерден өндіріп алу жолымен қаржыны бюджетке қайтаратын болады, – деп түсіндірді Магеррам Магеррамов.
Сонымен қатар, депутаттың пікірінше, өндіріп алу кезінде алимент сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауы тиіс.
Қазір ҚР Үкіметі бұл бастаманы іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруда. Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың айтуынша, бұл мәселені ҚР Әділет министрлігі зерттеп жатыр. Әзірге барлық мұқтаждарға жететіндей әрі ақша үш айда таусылмауы үшін болжамды қорға қанша қаражат салынуы керек екендігі туралы есеп жүргізілуде.