Алматы кітапханалары көзі нашар көретін және зағип жандарға жағдай жасауға бейімделуде. Ол үшін онда мамандандырылған жұмыс станциялары енгізіліп жатыр.
Бұл кітапханаларда мәтінді тактильді форматта көрсететін Брайль дисплейлері, Брайль қарпінде басып шығаруға арналған принтерлер, мәтіннің контрастын үлкейтуге және өзгертуге арналған құрылғылар мен мәтінді оқитын, оны дауыстап ойнататын және аудиоформатқа аударатын сканерлер орнатылған. Аудиокітаптарды тыңдау ыңғайлы болу үшін кітапханаларда дыбыс сапасы жоғары құлаққаптар да бар.
«Жобаның ерекшелігі – бұл кітапханаларда көру қабілеті нашар қызметкерлер де жұмыс істейді. Олар оқырмандарға құрал-жабдықты үйренуге, қажетті ресурстарды іздеуге және оқытуға көмек көрсетеді. Бұл жұмыс орындарын құруға және қаланың барлық тұрғыны үшін мәдениет пен білімге деген қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді Алматы қалалық әкімдігі.
Есту және көру қабілеті бұзылған адамдар мына кітапханаларға бара алады: Жамбыл атындағы ҚЖК, «Alatau Creative Hub», Чехов атындағы ОҚК, Қазақстан жазушыларының кітапханасы, сондай-ақ №4, 14 және 45 филиалдар. Бұл жерлерде ақпараттық ресурстарды пайдалану ыңғайлы болу үшін барлық жағдай жасалған.
«Бұл қадам Алматыдағы кітапханаларды инклюзивті және бәріне қолжетімді етеді», - деп түсіндірді әкімдік.
Бұған дейін Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтардфң құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Кенжеғұл Сейітжан қазақстандық кітапханаларды мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Атап айтқанда, жуырда Мәжілісте қаралған Марракеш келісімін ратификациялау зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханалар желісін сақтауға және дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Бұл құжат көру қабілеті нашар адамдардың баспа ақпаратына қол жеткізуін жеңілдету үшін әзірленген.
«Келісім ратификацияланса, зағиптар мен нашар көретін азаматтарға қолжетімді материалдар өндірісі артады», - деді мәжілісмен.