Алматыдағы түнгі жер сілкінісі азаматтық қорғаныс жүйесіндегі көптеген шешілмеген проблемаларды айқындап берді. Олардың көбін бұрын Қазақстан Халық партиясының депутаттары көтерген болатын, бірақ Үкімет бұл өтініштерді назардан тыс қалдырды.
Жер сілкінісі қаңтардың 22-нен 23-не қараған түні болды, соңғы дүмпулер күндіз ғана тынышталды. Ескерту болған жоқ, бюджеттен 1.1 миллион теңге жұмсалған ерте хабарлау жүйесі жұмыс істемеді. Кейін ТЖМ хабарлағандай - дүрлігуді болдырмау үшін. (Бірақ оған сену қиын). Азаматтар SMS-хабарламаны алғашқы жер сілкінісінен кейін үш сағаттан кейін ғана алды.
Бойын қорқыныш билеген алматылықтар үрейленіп, балалар мен үй жануарларын қолына алған күйі, үйлерін тастап кетті. Эвакуациялау жолдары мен осындай төтенше жағдайда жиналатын қауіпсіз орындарды ешкім білген жоқ, халық тығыз қала құрылысының тар аулаларында шоғырланып қалды. Көптеген көлік иелері қаладан асығыс шығуға тырысты, бұл ауқымды кептелістерді тудырды. Абырой болғанда, төтенше жағдайдан зардап шеккен адамдар мен қираған ғимараттар болған жоқ. Алайда, 40-тан астам қала тұрғыны, соның ішінде балалар да медициналық көмекке мұқтаж болды.
Таңертең-ақ Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов қазақстандықтарды сейсмикалық болжам комиссиясы Алматы аумағында қатты және қуатты жер сілкіністерін күтпейтіндігіне сендірді. Оның ведомствосы мұндай құбылысты алдын ала болжау мүмкін емес деп ресми түрде мәлімдегенін ескерсек, министрдің айтқаны сенімсіздеу болып шықты.
Осындай оқиғалардан кейін «неге біздің елімізде сейсмикалық болжам мәселесі өте нашар?» деген сұрақ туындайды. ҚХП депутаты Ирина Смирнова бұл сұрақтың жауабын біледі. Ол әріптестерімен бірге өңірлерге барған кезде Сейсмология институтының ғылыми қызметкерлерімен кездескен болатын.
– 1989 жылы салынған институт бүгінге дейін бірде-бір рет жөндеу көрмеген, - деп атап өтті И.Смирнова. - Жаңа құрылғылар соңғы рет 2012 жылы сатып алынған. Ғалымдар қиын жағдайларда жұмыс істеп, кеңес заманынан қалған жабдықтармен зерттеу жүргізуге мәжбүр.
Қазақстанда барлығы 69 сейсмикалық станция бар, олардың 47-сі Алматыда орналасқан. Еліміздің шығысы, Жамбыл облысы, Түркістан және Батыс Қазақстан өңірі сейсмикалық тұрақсыз аймақтарға жататынын ескерсек, бұл өте аз. Институттың ғылыми қызметкерлерінің жалақысы 100-150 мың теңгеден аспайды. Институт гранттық қаражатқа жұмыс істейді, ал конкурста грантты ұтып алу әрдайым мүмкін бола бермейді.
– Біздің орасан зор ғылыми әлеуетіміз бар, - деп түйіндеді мәжілісмен кездесудің қорытындысы бойынша. - Ғалымдар тобы ғылыми дәстүрлерді сақтайды. Бірақ, олардың қорытындылары, талдаулары мен ұсыныстары ешкімді қызықтырмайды!
Бұл тұрғыдағы ең басты мәселенің бірі – қаладағы құрылысты тығыз салу қаупі әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отыр. Қала құрылысын жоспарлау, жерді бөлу және көпқабатты тұрғын үй кешендерін қабылдау кезінде ғылыми зерттеулер ескерілмейді. ҚХП депутаттары бұл туралы да мәселе көтерді.
– Алматыда көпқабатты тұрғын үй кешендерінің құрылысы тікелей жердің тектоникалық жарықтарында белсенді түрде жүргізілуде, - деп атап өтті мәжілісмен Ислам Сұңқар депутаттық сауалында. - Мұндай құрылыстың қауіптілігі жер сілкінісі кезінде топырақтың ең жоғары жылдамдығына байланысты, бұл тік және көлденең қозғалысқа ықпал етеді. Қиын жағдай туса, ғимараттар үйіндіге айналып қалуы мүмкін.
Бұл жолы алматылық көпқабатты үйлердің қасбеттеріне жарықшақтар ғана түсті. Тұрғын үйлер мен ғимараттардың келесі жолы да осындай мықтылық танытатынына ешкім кепіл бола алмайды.