Қазақстандық параспортшылар мемлекеттен ешқандай қолдау жасалмағанына қарамастан, спортқа жауапты түлғалардың толық әрекетсіздігіне қарамастан жеңіске жетіп жүр. Мүгедектігі бар спортшылар көбінесе өз қаржысымен немесе демеушілік есебінен жаттығады және жабдықтар сатып алады, ал шенеуніктер тек жеңіске ие болады.
Параспортты қаржыландыру мәселесін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Халық партиясынана сайланған депутат Кенжеғұл Сейітжан көтерді. Ол жақында өткен IV Пара Азия ойындарын еске салды, онда Қазақстан құрамасы командалық есепте 11-орынды иеленді. Құрама қоржынында 41 медаль бар.
– Дей тұрғанмен, егерде біздің спортшыларымыздың сенімді жабдықтары, қажетті құрал-саймандары түгел болып, дер кезінде жаттығу жасауға толық мүмкіндіктері бар болғанда, медальдар саны бұдан да көп болуы мүмкін еді,- деп мәлімдеді К.Сейітжан.
Мәжіліс депутаты атап өткендей, мемлекет параспортшыларға қаржылай және құқықтық көмек көрсетуден бас тартқан сыңайлы. Осылай деуімізге бір себеп, екі жыл бұрын атыраулық «Балықшы» параволейбол клубы күрделі жөндеуге жабылған болатын. Тендерді жеңіп алған мердігер өз міндеттемелерін орындамады. Қазір клуб жауапсыз мердігермен соттасып жатыр, ал Париждегі Паралимпиада-2024 ойындарына іріктеуден өткен параволейболшылар беделді халықаралық жарыстарға кәсіби дайындық жасаудың орнына, талапқа сай емес бөлмелерде жаттығуға мәжбүр.
Бұдан да сорақы фактілер бар. Парахоккейлік командаға мемлекеттен бір тиын да бөлінбейді, тек демеушілік қаражат есебінен ғана жұмыс істейді. Қазақстандық паратеннисшілер Азиадаға қатысу үшін құрал-саймандарды жалға алуға мәжбүр болды.
Кенжеғұл Сейітжанның өзі де Антон Лаврентьевпен бірге Қазақстан үшін маңызды қола медальді спорттық велосипедке айналдырылған туристік велосипедпен қатысып жеңіп алды, оның өзі демеушілік қаражат есебінен сатып алынған болатын. Қазақстандық паравелосипедшілер үшін халықаралық деңгейде өнер көрсетуге арналған қажетті кәсіби карбон велосипедін сатып алуға мемлекеттен ақша табылмады.
Параспорт - мүгедектігі бар адамдар үшін қоғамға бейімделуге, өзін-өзі көрсетуге және көпшілік әлеуметке қосылуға жетелейтін аз ғана мүмкіндіктердің бірі. Біздің спортшылар оны толық пайдаланады. Өкінішке қарай, тәжірибе көрсеткендей, тек қана жеңіске деген ынтамен және ерік-жігермен алысқа бара алмайсың.
Қазақстан Халық партиясы жоғары жетістіктегі кәсіби спортты қаржыландыру жүйесін жетілдіруді ұсынып отыр. Ол тек олимпиадашыларға ғана емес, паралимпиадашыларға да тиісінше бөлінуі керек. Атыраудың «Балықшы» параволейбол клубында қалыптасқан жағдайды шешу де ұсынылды. Сонымен қатар, бұқаралық спортты мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ету және балалар параспортын дамытумен тереңдете айналысу, оның ішінде оны білім беру және медициналық оңалту бағдарламаларына енгізу. Сондай-ақ, паралимпиадалық және сурдоолимпиадалық спорт түрлері бойынша ҚР ұлттық құрамасы жаттықтырушыларының жалақысын көтеру, Паралимпиадалық және сурдоолимпиадалық спорт түрлері бойынша қосымша комитет пен параспорт және сурдоспорт бойынша омбудсмен институтын құру. Бұдан басқа, Қазақстанда параспорт пен сурдспортқа арналған керек-жарақ құрал-сайманды және арнайы техникалық құралдарды сатып алу бойынша бірыңғай мемлекеттік құрылым-дистрибьютор қажет. Сөз соңында, ҚХП депутаттары Премьер-Министрден паралимпиада және сурдоолимпиада спортын дамыту мәселелерін жеке бақылауға алуды сұрады.