Әрі емдейді, әрі оңалтады!

dep.jpg

ҚР Парламенті есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнамаға түзетулер енгізуде. Мәжіліс бұл өзгерістерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұл Заң жобасына депутаттар тобы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы тұру мақсатында бастамашылық етті. ҚР Қылмыстық кодексіне, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне және басқа да құжаттарға түзетулер енгізу жоспарлануда. ҚК-де есірткіні заңсыз өндіргені үшін санкциялар қатаңдатылатын болады (өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін!), сондай-ақ прекурсорлардың заңсыз айналымы және олармен жұмыс істеу ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделеді. Құрамында есірткі бар дәрілік препараттардың айналымына бақылау күшейтіледі. Ал психобелсенді заттарды қолдануға байланысты мәжбүрлеп емдеуден өткен азаматтар ауруханадан шығарылғаннан кейін дәрігерлер тарапынан динамикалық бақылауға алынып, оңалту шаралары жасалатын болады.

Дәл осы тармаққа қатысты Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы депутаттарының көкейінде сұрақ туындады.

– Қазіргі уақытта мәжбүрлеп емдеуден өткен адамдар өз бетінше есепке тұруға міндетті, - деп атап өтті ҚХП депутаты Ирина Смирнова. - Осыған байланысты тиісті медициналық көмек көрсететін біздің ұйымдар есірткіге тәуелді адамдарды бақылауға қаншалықты дайын екендігі туралы ақпарат алғым келеді? Динамикалық бақылау дегеніміз не?

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі хабарлағандай, динамикалық бақылау дегеніміз осындай науқасты жүйелі түрде медициналық тұрғыдан бақылап отыруды білдіреді.

– Бүгінгі таңда әрбір өңірде Психикалық денсаулық орталығы бар, - деп атап өтті ведомство қызметкері. – қазіргі күнде динамикалық бақылаудың өзі нормативтік-құқықтық актілермен регламенттелген және өзінің өлшемдері бар.

Қазір Денсаулық сақтау министрлігінің органдарында есірткіге тәуелділік бойынша 18 мыңнан астам адам есепте тұр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy