Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелді

Халықтық коалиция Қ.Тоқаевты ұсынуды қолдаған 400 мыңға жуық қол жинады.

Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ресми түрде тіркеді. Халықтық коалиция мүшелері тиісті куәлік алды.

«ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңының 59-бабы 5-тармағында көзделген барлық құжат заңда белгіленген мерзімде алынды. Кандидатты тіркеу үшін қажетті барлық рәсім сақталды. Осылайша, ОСК Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Еске сала кетейік, биыл 8 қазанда Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне Халықтық коалициядан ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев оған ҚР Конституциясымен және «ҚР Сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңымен қойылатын талаптарға сай келетінін анықтады.

Халықтық коалицияның құрамында «AMANAT» партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы, сондай-ақ 20-дан астам республикалық қоғамдық бірлестік кірді. Олардың арасында: «Ардагерлер ұйымы», «QAZAQSTAN TEAM», «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі», «Генералдар кеңесі», «Қазақстандық спортшылар одағы» және т.б. бар.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy