Атом энергетикасын қолдану – әлеуметтік-экономикалық дамудың тетігі

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб жұмысы аясында «Атом электр станциялары – Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі мен тұрақты дамуының кепілі» тақырыбында бұқаралық шара ұйымдастырды.

Пікірталас «ашық микрофон» форматында өтті. Шараға бюджеттік сала қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар қала студенттері шақырылды. ҚХП белсенділерінің мақсаты мен міндеті отандық атом энергетикасы саласындағы жағдайды түсіндіріп, елімізде атом электр станциясын салудың маңызын ұғындыру болды. Бұл қазақстандықтардың жалпыхалықтық референдумда дауыс беру кезінде жан-жақты сараланған дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік береді.

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС жетекші инженері Құмар Әусенов жиынға қатысушыларды заманауи АЭС құрылысымен таныстырып, оны пайдалану жөнінде ақпарат берді. Ал тәуелсіз сарапшы, ҚХП мүшесі Рустам Исаев шағын мобильді ядролық реакторлардың мүмкіндіктері жөнінде баяндады.

Қатысушылар тарапынан сұрақ көп болды. Атап айтқанда, LRT бағандары сияқты ядролық жоба да «сыбайлас жемқорлықтың ескерткіші» болып, тағы бір ұзақ мерзімді құрылысқа айналмай ма? АЭС салу, жөндеу және пайдалану үшін жергілікті мамандардың резерві қалай дайындалады немесе кадр тапшылығына байланысты мемлекет жоғары жалақы төлеп, шетелдіктерді жұмысқа ала ма? Пікірталас негізінен осы сұрақтардың аясында өрбіді.

– Ұзақ мерзімді құрылысты, сыбайлас жемқорлық және технологиялық тәуекелдерге байланысты басқа да келеңсіз аспектілерді болдырмау үшін әдетте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік әдісі қолданылады. МЖӘ схемасы әзірленді. Мысал ретінде айтсақ, Түркияда осындай схема әзірленген болатын, – деп түсіндірді сарапшы Исаев.

Сарапшы сала мамандары жөніндегі сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша, қазір бір топ қазақстандық кадр түріктің «Аккую» атом электр станциясының құрылысында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап жатыр. Бұл ретте Құмар Әусенов те атом электр станцияларына техникалық қызмет көрсету және пайдалану бойынша кадрларды дайындау туралы толығырақ айтып берді.

– Қазір елімізде кадрлық резервті дайындауға қажетті мамандықтар бойынша білім беретін 5 университет бар, – деді инженер.

Жалпыхалықтық референдум 2024 жылғы 6 қазанда өтеді. Бюллетеньде бір сұрақ болады: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?». Ал дауыс берушінің таңдауына екі жауап нұсқасы ұсынылады: «иә, келісемін» және «жоқ, келіспеймін».


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy