Атырау ауруханасына күрделі жөндеу қажет

Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Кенжеғұл Сейітжан жұмыс сапары аясында Атырау облыстық ауруханасында болды.

Депутатты бас дәрігер Ербол Иманғалиев қарсы алып, медициналық мекеменің құрылымымен, мүмкіндігімен таныстырды.

– Шыны керек, ауруханамыз ескі, күрделі жөндеу көрмеген. Бұл ең басты мәселе. Ал медициналық жабдықпен қамтамасыз етілуіміз өте жақсы. Ота жасауға қажетті барлық заманауи құрылғымыз бар. Жылына 17 мың адам ауруханада жатып, емделіп шығады, – деді Е Иманғалиев.

Өз кезегінде К.Сейітжан Қазақстан Халық партиясы әрбір қазақстандықтың сапалы медициналық қызметпен қамтылуына мүдделі екенін атап өтіп, дәрігерлердің жалақысын көбейтіп, әлеуметтік мәртебесін қорғау қажет екенін айтты.

Бұдан кейін депутат «Қамқорлық» ерте араласу орталығына барды. Орталық түрлі науқасқа шалдыққан балаларды оңалту ісімен айналысады.

– Бала – болашағымыз. Дені сау ұлт қалыптастыру үшін – дені сау ұрпақ қалыптастыру керек, – деді К.Сейітжан орталықтың қызметкерлерімен тілдесу кезінде.

Жұмыс сапары барысында мәжілісмен Атырау облыстық офтальмология ауруханасында және бірқатар нысандарда болды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy