Ауыл шаруашылығы министрлігі ақшаны қаншалықты тиімді жұмсайды

dep.jpg Жерді геоботаникалық зерттеу пайдалы іс пе, әлде бюджет қаражатын шығындау ма? Бұл сұраққа Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар жауап алуға тырысты.

ҚР Үкіметінің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі барысында мәжілісмен 2022 жылы жерді геоботаникалық зерттеуге, электрондық карта жасауға және басқа да жер ресурстарын зерттеуге 7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін еске салды. Бүгінге дейін небары 6 млн га жер ғана зерттелген, бұл жалпы аумақтың 5,5% құрайтын көрсеткіш.

– Барлық аумақ осындай қарқынмен зерттелетін болса, бастапқы деректер ескіріп, жұмысты қайта бастау қажеттігі туады, – деді И.Сұңқар. – Осыған қарап, қаражат тиімсіз жұмсалып жатыр деуге болады.

Депутат ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерінен геоботаникалық зерттеу не үшін жүргізіліп жатқанын, жұмыс қарқыны неге төмен екенін және электронды карта не үшін қолданылатынын сұрады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жерді геоботаникалық зерттеу бірнеше кезеңнен тұратынын түсіндірді.

– Бұл күрделі жұмыс және адам ресурсы мен қаржыны қажет етеді, – деді ол.

Зерттеу 2030 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған. Мәлімет 15-20 жыл өзекті болады. Геоботаникалық зерттеу нәтижесі жердің кадастрлық құнын анықтауда, жерді жалға беруде, жалдау ақысын анықтауда, жайылымды басқару жүйесін әзірлеуде және т. б. қолданылады.

– Біз барлық жұмысты бірнеше жыл ішінде аяқтауды мақсат тұтып отырмыз, – деді Е. Қарашөкеев. – Бұл жұмысты 2-3 жылда аяқтау мүмкін емес.

Зерттеу үдерісін жеделдету қосымша ресурсты қажет етеді, сондықтан министрлік мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастырып жатыр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy