14 наурызда Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар Жанат Бастаубаева мен Мұсабек Әлімбеков және мәслихат депутаттығына кандидат Досан Рымтаев Жамбыл облысындағы Меркі ауданының тұрғындарымен кездесті.
Спикерлер халық алдында қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, шешілу жолдарын айтты. Сондай-ақ, олар Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды. – Халық партиясы ауылдық жерлерде көпбалалы отбасылар үшін тегін тұрғын үй салудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынады, – деді Мұсабек Әлімбеков.
– Бұл қадам қалалардағы көптеген әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде жұмыссыздықты, балабақшалар мен мектептердегі орындардың жетіспеушілігін шешеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен ауылдың дамуы бір-бірімен тығыз байланысты. Бағдарламаға сәйкес, қолданыстағы жобаларды қайта қарап, ауылдарда әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымын салуға қаржы бөлу қажет, – деді Жанат Бастаубаева.
Сондай-ақ, спикерлер ауылшаруашылығы мақсатындағы 100 млн.га пайдаланылмай жатқан жерлер бар екенін тілге тиек етті. Мұнан өзге партия әр азаматқа қалада 10 сотық, ауылда 25 сотық жер телімін беруді ұсынады. – Әйткенмен ауылдық жерлерде жер онда жұмыс істейтін адамға ғана тиесілі болуы керек, – деп нақтылады Жанат Бастаубаева.
Айта кетейік, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Қойтоған, Ойтал ауылдарында да ұйымдастырылып, партия өкілдері еліміздегі өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Жиын соңында олар сайлаушылардың қойған сұрақтарына жауап беріп, 19 наурызда өтетін сайлауда белсенді болуға шақырды.