Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанның ауылдық елді мекендерінің жағдайы туралы баяндады. Егер жағдай дәл осындай жақсы болса,онда ауыл халқының қалаға неге ұмтылатыны таң қалдырады? Ауылдағы нақты жағдай туралы Қазақстан Халық партиясы бірнеше рет мәлімдеген болатын.
Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша республикада 7,6 млн адам тұратын 6,2 мың ауылдық елді мекен бар.
– Министрлік жыл сайын Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес ауылдардың қамтамасыз етілуіне мониторинг пен талдау жүргізеді, - деп мәлімдеді ведомство басшысы Нұрлан Байбазаров. - Қамтамасыз етілу деңгейі жоғары және орташа ауылдар санының артуы байқалады.
«Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 578 нысан, 1,7 мың әлеуметтік нысан және 3 мыңнан астам кентішілік жол салынды және жөнделді. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 179 млрд теңге бөлінді. 500-ден астам ауылда 1,4 мың жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бір сөзбен айтқанда, егер бәрі жақсы болса, ауылдық елді мекендердің саны неге ұдайы қысқарып отырғанына таң қалуға болады. Соңғы 10 жылда олардың саны 582-ге азайды.
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов әрбір ауыл тұрғыны жайлы және қолайлы ортада өмір сүргісі келетінін атап өтті.
– Ол үшін біз қала мен ауыл арасындағы алшақтықты біртіндеп қысқартудамыз, - деп нақтылады ол. - Бұл ретте негізгі фактор - ауылдарда өмір сүрудің және қызмет көрсетудің белгілі бір стандарттарының болуы, сондай-ақ жақсы жолдардың, сапалы медицина мен білім беру нысандарының жеткілікті болуы. Дегенмен, ауылдадық жерлерде ауызсуға, жолдардың сапасына және электрмен жабдықтау мен ұялы байланысқа қатысты проблемалар бар.
Премьер әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әсіресе шекара маңындағы аумақтарда дамыту жөніндегі жұмысты жандандыруға және ауылдарда кадрлар тапшылығы мәселесін шешуге шақырды. Сондай-ақ - бюджеттен тыс қаражат, яғни, инвестиция тарту бойынша әкімдіктердің жұмысын бағалау үшін нақты индикаторларды анықтау мәселесінің де маңызды екенін айтты.
Ауыл өмірінің шынайы бейнесін ҚХП парламенттік фракциясы бірнеше рет сипаттап берді. Мәселен, жақында Үкіметке жасаған үндеуінде депутат Ирина Смирнова Қарғалы кентінің (Алматы облысы) мысалында жергілікті биліктің өз міндеттеріне немқұрайлы қарайтынын көрсетті.
– Ауылдың адам төзгісіз қиын жағдайы бізді таң қалдырды, - деді Смирнова. - Кентте жолдар қирап кеткен, айнала шұңқырлар мен қоқыс үйінділеріне толып кеткен. Оның үстіне, қоқыс шығарылмағандықтан, кенттің маңынан ағып өтетін әдемі өзеннің бойы мен үйлердің маңайының бәрі қоқысқа толып кеткен. Барлық жерде қираған құрылыс қалдықтары, күтім көрмеген аумақтар.
38 мыңға жуық адам тұратын Қарғалыда көше жарығы жоқ, ауызсудың өзі үзіліп-созылып беріледі, кәріз жүйесі жартылай бұзылған және жергілікті аурухананың қауіпті қалдықтары тұрғындар өздері қазған сарқынды арықпен ағып жатыр, басқа ағын су жоқ. Кентте мәдени-спорттық демалыс түрі деген атымен жоқ. Мұнда клуб та, мәдениет үйі де, спорт залдары да жоқ.
– Облыс әкімдігіне аталған мәселені шұғыл қарауды және жоғарыда аталған проблемаларды жоюға бағытталған тиісті шараларды қабылдауды ұсынамыз! - деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.