ҚР Денсаулық сақтау министрлігі балаларға арналған паллиативтік көмектің, яғни, ауруға уақытша жеңілдік беретін көмектің, жаңа стандартын құру бойынша жұмысты бастады. Жақында Астанада осы мәселе бойынша тыңдау өтті. Осы жұмыстың басталуы үшін кішкентай пациенттердің ата-аналары, қоғам қайраткерлері мен Қазақстан Халық партиясының депутаттары ұзақ уақыт бойы күресіп келді.
Әлеуметтік желілерде белсенді Елена Құдайбергенова тыңдаулардың өтетіні туралы хабарлады.
- Біз балалар паллиативі туралы жазатындардың барлығына ризашылығымызды білдіреміз, - деп атап өтті белсенді, - проблемаға қызығушылық танытқандар балаларға арналған «түзетулері бар» жалпы стандартты емес, жеке балалар паллиативтік стандартын құруды қолдайды.
Ауру және өлім аузында жатқан балаларға паллиативтік көмек көрсету тақырыбы – өте күрделі және ауыр тақырып. Егер ересектердің дер кезінде ауырсынуды басатын дәрі-дәрмектерді алу мүмкіндігі болса, балаларда іс жүзінде ондай да мүмкіндік жоқ. Егер басқа посткеңестік елдерде осындай балаларға көмек көрсету құрылымы мен мәдениеті әлдеқашан қалыптасқан болса да, Қазақстанда бұл маңызды мәселе ұзақ уақыт қоғамнан жасырылып, айтылмай келді.
Бұған дейін ҚХП-дан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова балаларға паллиативтік көмек көрсету мәселесін көтерген болатын. Оның айтуынша, қазақстандық балалар паллиативтік көмектің жоқтығынан зардап шегеді. Елде ауырсыну синдромын тоқтататын препараттарға қолжетімділік шектелген, үйде паллиативтік көмек көрсету үшін хоспистердің, бригадалардың, тіпті қарапайым стационарлық паллиативтік төсектердің саны жеткіліксіз. Ал мұндай көмекке тек ресми мәліметтер бойынша ғана 6000-ға жуық кішкентай қазақстандықтар мұқтаж.
- Медициналық мекемелер көмек көрсете алмай, ауыр кезеңдегі науқастарды үйге шығарып құтылуға тырысады, - деді Мәжіліс депутаты. - Нәтижесінде балалар мен олардың ата-аналары ауру азабымен тек өздері бетпе-бет қалады.
ҚХП парламенттік фракциясы «Балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсету тәртібін» жеке педиатриялық стандартқа бөлуді, осындай көмектің критерийлері мен хаттамаларын әзірлеуді, олар бойынша педиатр-дәрігерлерді даярлауды, сондай-ақ паллиативтік балалардың тізімін жасап, осы мәртебені анықтау бойынша арнайы дәрігерлік комиссия құруды ұсынды.