Қазақстан энергетикасын дағдарыстан қалай шығаруға болады

Қазақстандағы энергетика қауіпсіздігіне ешкім жауапты емес. Көктемде Қазақстан Халық партиясы осы салада тәртіп орнатуды ұсынған болатын. Үкімет ұсынысты елемеді.

Екібастұздағы төтенше жағдай немқұрайлылықтың салдары.

– Біз барлық өңірде энергия жабдықтары мен таратушы желілердің тозу деңгейі сын көтермейтінін атап өттік, – деп еске салды ҚХП фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров. Фракция өкілі Екібастұздағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2-де орын алған жағдайға байланысты энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша мемлекеттік комиссия құруды ұсынды. Үкімет бұл шара орынсыз деп жауап беріп, энергетикалық кешенді жаңғырту жұмысы жоспарлы түрде жүріп жатқанын жариялады.

– Ең жақсы емтихан қабылдаушы – қыс мезгілі. Ол жүргізіліп жатқан жұмыстың шынайы көрінісін көрсетті, – деді ҚХП депутаты. – Екібастұзда болған оқиғаны апат деп атауға болмайды. Жүйе істен шықты. Себебі бұл уақыт еншісіндегі мәселе болатын. Қазір өкінішке қарай біз жағдайды түзете алатын шара көрмей отырмыз.

Болған оқиғаға кінәлілерді табу өте қиын. Энергетика үшін бірнеше мемлекеттік орган жауап береді, ал желілердің жекеменшік иелері барлық жауапкершілікті төмен тарифке яғни, апатты жағдайда зардап шеккен тұтынушыларға аудара салуға тырысады. Бұл ретте меншік иелері отандық ЖЭО тиімділігінің төмендігі және тиісті жөндеудің болмауының салдарынан желілердегі жылу далаға кетіп жатқаны жайлы сөз қозғамайды.

Үкімет Энергетика нысандарына техникалық аудит жүргізуді ұсынды, бірақ бұл бізге не беретіні белгісіз. – Бүгінгі таңда энергетикадағы басты мәселе – ресурстың емес, мемлекеттік тәсілдің тапшылығы болып тұр, – деді ҚХП фракциясының басшысы. – Бізде ірі қалалардағы жылумен жабдықтау жүйелері техникалық жағынан орталықтандырылған, ал оларды басқару толығымен орталықтандырылмаған абсурдтық жағдай қалыптасты.

Қоңыров Қазақстандағы климаттық және экономикалық жағдайда энергетикалық қауіпсіздікті пайда табу үшін қатардағы коммерциялық салаға теңестіруге болмайды деп санайды.

Бұл салада жылдар бойы барлық жоспарлау «келесі жылыту маусымынан аман қалу үшін» қағидаты бойынша өте қысқа мерзімді болды. Сондықтан инфрақұрылымның тозуы және оны жаңғыртуға инвестицияның кешігіп жетуі мемлекеттің назарынан тыс қалды, ал жекеменшік иелеріне бұл мүлдем қажет емес еді.

– Бұл мәселе әп-сәтте шешілмейді. Оны зерттеу қажет. Дәл осы істе жетекші рөлді энергетика саласындағы шенеуніктер немесе кәсіпкерлер емес, ғалымдар мен өндірушілер атқаруы керек, – деп атап өтті мәжілісмен.

Қазақстан Халық партиясы да билікке тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік комиссия құру қажет деп талап етеді. Бұдан басқа, ҚКП депутаттарының пікірінше, үкімет республиканың энергетикалық қауіпсіздігіне жауапты болатын жұмыс органын құруы тиіс. Қазақстан Халық партиясы елдің энергетикалық қауіпсіздігіне жауапты Үкімет құрылымында тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік комиссия мен жұмыс органын қалыптастыруды талап етті.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy