Жиында партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданып, Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді.
Сонымен қатар бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсынылды.
Атап көрсетерлігі, кезектен тыс съезд жұмысы ҚХП YouTube желісінде тікелей эфир арқылы көрсетілді.
Съезге өңірлерден келген делегаттар, «Menin Elim Dala», «Артспорт» қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, сонымен қатар әйелдердің зейнет жасын төмендету қозғалысы мен кәсіподақ ұйымдарының және Заң кеңесі палатасының мүшелері қатысты.
Құрылтайда сөйлеген сөзінде партия төрағасы Е. Ертісбаев еліміздегі қазіргі ахуалға қысқаша талдау жасады. Ол қаңтар оқиғасы мен олигархаттың жыртқыш саясатына қарамастан, қоғамда әлеуметтік әділеттілік идеясы өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.
– Жүйені шеруге шығу, наразылық білдіру арқылы өзгертуге болады. Алайда мұны Парламентте жүзеге асырған тиімді. Сондықтан біз қазақстандықтарды алаңға емес, сайлау учаскелеріне шақырамыз. Себебі азаматтар билікке қоятын талабын өркениетті, демократиялық жолмен орындатуға қол жеткізуі тиіс, – деді Е.Ертісбаев.
Партия төрағасы Парламент Мәжілісіне саяси ұйымның ең үздік, ең лайықты мүшелері кандидат ретінде іріктеліп алынғанын айтты.
– Біздің қатарымызда әртүрлі ұлттар мен әлеуметтік топтардың өкілдері бар. Қоғамда пікір алуандығы неғұрлым көп болса, соғұрлым демократияның бәсі биік болады. Ұлттың болашағы мен жұрттың келешегі лайықтыларға ғана сеніп тапсырылуы тиіс, – деді Е.Ертісбаев.
Басқосу барысында депутаттыққа кандидаттар, өңірлердегі филиал басшылары, ҚХП Орталық аппаратының өкілдері сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды.
ҚХП Алматы облыстық филиалының төрағасы Т. Жүндібаев алдағы Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы – еліміздің саяси жүйесін реформалаудың алғышарты екенін тілге тиек етіп: «Әділеттілікті аңсамайтын адам, қолдамайтын қоғам жоқ. Мұның қатарында 1,5 млн тұрғынның мекені Алматы облысы да бар. Себебі «Түгін тартсаң майы, гүлін тартсаң балы шығатын» қасиетті өңірде таяқ тастам жер тапшы. Қара жердің бәрі – олигархтардың қолында. Бұл мәселе – ауылшаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан аймақтың жолын бөгеп отыр, – деді.
Оның сөзінше, ең үлкен түйкілдің бірі – қандастардың жай-күйі. Себебі «отаным» деп оралған азаматтар арасында тәжірибелі мамандар жетерлік. Өкініштісі дипломдарын нострификациялау мүмкін болмай тұр.
– Шыны керек, кландық-олигархиялық капитализм дәуіріне нүкте қойылатын күн туды. Себебі «Байлар балпаң басып, кедейлер жалтаңдасып» ғұмыр кешуде. Жұмыссыздық, күйсіздік талайдың жүйкесін жұқартты. Халықты несие тұқыртып барады, – деді Т. Жүндібаев.
Өз кезегінде ҚХП Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Халел Мақсұтов отандастарымыздың қауіпсіздігі мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы ерекше назарда болуы тиіс екенін алға тартты.
– Қарағанды топырағы кенге толы қасиетті өңір. Ондағы өндіріс ошақтарында мыңдаған адамдар еңбек етеді. Қарапайым жұмысшылардың тұрмыс-тіршілігі, көкейінде қордаланған мәселелер – Халық партиясын алаңдатып отыр. Қараша халық та, Халық партиясы да түбегейлі өзгерісті талап етіп отыр. Демек, осынау сын сағатында бірігу керек! Ендігі кезекте, абыройымыздың асуы да, берекеміздің тасуы да алдағы сайлауға байланысты», – деді ол.
Съезде партияның аймақтардағы филиалдарының төрағаларына өңірлерде электоралды науқанды ұйымдастыру мен өткізуге, сенім білдірген адамдар мен бақылаушылардың тізімін жасауға және басқа да мәселелерге қатысты нақты тапсырма берілді.
– Әр кандидатқа айтарым – біз табанды күрес жолына түсеміз, біз халық мүддесін жақтаймыз! – деп қорытты партияның кезектен тыс ХХІІІ съезін Е.Ертісбаев.