Бас прокуратураның жанынан Активтерді қайтару жөніндегі комитет пайда болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығының жобасы НҚА сайтында жарияланды. Бұл жұмыс «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» жаңа заңды іске асыру шеңберінде жүргізіледі.
Жобаға сәйкес мүдделі мемлекеттік органдар Бас прокуратурамен бірлесіп, жаңа комитеттің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуі керек. Іс барысында экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия таратылады. Жаңа органның құрамында 100-ден астам адам болады. Комитет шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда қылмыстық қудалау, заңсыз сатып алынған активтерді анықтау және мемлекетке қайтару мәселелері бойынша Қазақстанның мүддесін білдіруге тиіс. Құрылатын комитеттің жұмысы туралы бұдан бұрын «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов баяндаған болатын.
– Комитетке активтердің тарихын зерттеу, талдау міндеті жүктеледі, – деп түсіндірді мәжілісмен. Жиналған ақпарат комитеттің ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ететін активтерді қайтару жөніндегі комиссияға түседі. Құқық қорғау органдары дайындаған материалдарды зерделеу негізінде комиссия (міндетті түрде орындау үшін!) әрі қарай әрекет ету үшін субъектілерді арнаулы тізілімге енгізу бойынша ұсыным береді. Мұнда әр жағдай жеке қарастырылады.
– Атап өтейін, егер, заңнаманы мұқият оқып шықсаңыз, онда оның елімізді тонаған жемқорлар мен олигархтарға қарсы бағытталғанын түсінесіз. Сондықтан отандық және шетелдік адал инвесторларға ештеңеден қорқудың қажеті жоқ, – деді депутат.
Қазақстан тәуелсіздік жылдарында сыбайлас жемқорлық, сондай-ақ экономикалық преференцияларды бөлу кезіндегі фаворитизм салдарынан активтер заңсыз сатып алынып, елден шығарылды. Тәуелсіз сарапшылардың есептеуі бойынша ел аумағынан шамамен 160 млрд теңге жылыстатылды.