Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты қандай болмақ?

dep.jpg Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов «Talap» қолданбалы зерттеулер орталығы ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысты. Онда «Тоқырау немесе жаңа 90-шы жылдар: Қазақстан кәсібін не күтіп тұр?» тақырыбы талқыланды.

Статистикаға сәйкес, өткен жылы ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 36%-дан асты. Ал 2022 жылдың бірінші тоқсанында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 1,9 млн-ға дейін өсті. Алайда, ШОБ көрсеткіштерінің сандық өсуі сапаның дамуына сай келмей отыр. Себебі, іскерлік белсенділіктің оң динамикасы көбінесе, бизнестің бөлінуі мен инфляцияның өсуінде байқалып отыр. Сәйкесінше, бағамен бірге кәсіпорындардың айналымы қатар шарықтап келеді. Бүгінде кәсіпкерлер үшін күрделі мәселе – теңге бағамының тұрақсыздығы және қаржыландыру тапшылығы.

Дөңгелек үстелге қатысушылар кәсіптің қазіргі жағдайы мен оның даму әлеуетін, сондай-ақ кәсіпорындардың ағымдағы дағдарыстарды еңсеру стратегиялары мен мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар жалпы бизнестегі ахуалды жақсарту, бюрократиялық кедергілерді қысқарту секілді мәселелер сараланды.

– Іс-шарада көтерілген тақырып өте өзекті. Қазір біз саяси жүйені реформалауды сәтті жүзеге асырдық. Себебі, онсыз әлеуметтік-экономикалық даму мүмкін болмас еді. Болашақта біз экономикалық реформаны да сапалы жүргіземіз, – деді Магеррам Магеррамов.

Дөңгелек үстел қорытындысында пікірталасқа қатысушылар қазақстандық экономика үшін кәсіпкерлікті барынша ырықтандыру қажет деген қорытындыға келді. Бұл қадам әлеуметтік, геосаяси және экономикалық кез-келген сын-қатерлерге жауап болар еді. Сарапшылар депутаттық корпус өкілдерін заңнамалық құжаттарды қабылдау кезінде осы жағдайларды ескеруге шақырды.

– Сонымен қатар құқықтық жүйені реформалау керек. Заңдар мен заңға тәуелді актілердегі көптеген тыйымдар мен ұсақ регламенттерден арылу қажет. Әйтпесе құқықтық жүйе ел дамуының жаңа экономикалық моделіне тежеу болады. – деп сөзін түйіндеді Магеррамов.

Дөңгелек үстел «Спиральды динамика. Бизнесті түсіну негіздері» тақырыбындағы лекциямен қорытындыланды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy