Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйесінің жай-күйіне арналған дөңгелек үстел өткізді. Жиынға Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары қатысты.
Іс-шараға қатысушылар білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талап қолдану қажеттігін атап өтті.
– Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында білім беру ұйымдары басшыларының жеке жауапкершілігі күшейтіледі, – деді оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Қауіпсіздік әр қырынан зерттелді: санитарлық-гигиеналық, сейсмикалық, өртке қарсы, терроризмге қарсы және т.б. 700-ден астам қызметкері бар мектептер ғана террористік акт тұрғысынан осал нысан санатына енгізілгені айтылды.
– Ірі білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі, – деп атап өтті қатысушылар. – Ал оқушылары аз мектептерде қауіпсіздік деңгейі төмен, тіпті мүлдем жоқ. Біздің ойымызша, бұл дұрыс емес.
Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева Қазақстандағы ауыл мектептерінің оқушылары қаладағы құрдастарына қарағанда аз қорғалған деп санайды. Жақында халық қалаулылары Солтүстік Қазақстан облысының ауылдарындағы мектептерді аралады. Нәтижесінде бейнекамералардың басым бөлігі жұмыс істемейтінін, дәретханалардың далада орналасқанын анықтады.
– Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жайлы жағдай жасау қажет, – деді Г. Танашева. – Біздегі мектептер тозған. 1936 жылы салынған мектеп ғимараты тек косметикалық жөндеуден өтеді. Бұл ретте оның сейсмикалық жағдайы туралы сөз қозғамауға да болады. Химия кабинеттерінде қарапайым су жоқ. Дәретханалар далада орналасқан. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткіміз келсе, бізге алдымен осы мәселелерді шешу керек.