Қазақстан халық партиясының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан банк бөлімшелеріндегі қызметтердің мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімділігі мониторингін жалғастыруда.
Бірнеше жыл бұрын Кенжеғұл Сейтжан ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқығын бұзғаны үшін бірнеше банкті сотқа берген еді.
– Банктер мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсету үшін барлық қажетті жағдайды жасауға міндеттелген болатын. Соған орай, мен олардың өз уәделерін орындап-орындамағанын тексеруге келдім, – деді омбудсмен.
Мониторинг уәделердің 80%-ы орындалғанын көрсетті. Мүгедектігі бар адамдар банк филиалдарына баруға, ішке кіруге және қолма-қол ақша алу үшін банкоматты пайдалануға мүмкіндік алды. Банк карталары арқылы қызмет көрсету бойынша шешілмеген аздаған мәселе қалды. Кенжеғұл Сейтжан бұл мәселе де шешімін табатынына сенімді екенін жеткізді.
– Ортаның қолжетімдігі – бұл пандустар мен тактильді жолдар ғана емес, сондай-ақ ұйымдар мен мекемелер қызметтерінің қолжетімдігі. Заманауи технологияларды пайдалана отырып, мүгедектігі бар адамдардың қолайсыздықты сезінбесі үшін қажет нәрсенің бәрін жасауға болады, – деп нақтылады депутат.
Бұған дейін Кенжеғұл Сейтжан бұл мәселені Үкіметке депутаттық сауал жолдап, Мәжілісте көтерген болатын. Ол қазақстандық банк бөлімшелерінің көбінде қаржылық қызмет көрсету кезінде ерекше қажеттіліктері бар клиенттер кемсітуге тап болатынын айтты. Мәселен, ғимараттардың басым бөлігінде пандустар мен көтергіштер болмайды, ал кассалардың терезелері арбадағы адам үшін тым биік. Мобильді қосымшалар мен банкоматтар зағип және нашар көретін адамдарға арналған технологиялармен жабдықталмаған, ал банк карталарында брайльмен жасалған тактильді сәйкестендіру белгілері жоқ. Оған қоса банк қызметкерлерінің мүгедектігі бар клиенттерге қызмет көрсету дағдылары жоқ. Мысалы, сурдоаударманы қамтамасыз ету үшін ым тілін білетін қызметкерлер немесе мамандар да жоқ.
Осы ретте ҚХП депутаты мүгедектігі бар адамдарды банк қызметтерімен тиісінше қамтамасыз ету үшін бірқатар шара ұсынды. Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдар үшін қаржылық қызметтер көрсету бойынша заңнамалық деңгейде арнайы стандарттар бекіту, олардың төлем қабілетін бағалау үшін жаңа критерийлер енгізу және оларды кредиттеу жүйесін реттеу. Сондай-ақ депутат, банктерді азаматтардың осал санаттарын алаяқтардың әрекеттерінен қорғауға бағытталған "екінші қол" сервисін іске асыруға міндеттеу қажет екенін де айтты.