ҚР Үкіметі соңғы кезде ғана күнделікті тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету саласында техникалық мамандардың тапшылығын байқады. ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов еңбек, ғылым және ағарту министрліктеріне еңбек нарығындағы ағымдағы жағдайға толық талдау жүргізуді және қажет болған жағдайда тиісті мамандықтарға гранттар санын ұлғайтуды тапсырды.
– Оқу орындары жоғары білікті инженерлерді, энергетиктерді, гидротехниктерді, энергия аудиторларын, электриктерді және басқа да мамандарды даярлауы тиіс, - деп атап өтті Үкімет басшысы. - Сондай-ақ тәжірибелі мамандардан жас мамандарға білім мен дағдыларды беруді қамтамасыз ету маңызды. Еліміздің тіршілікті қамтамасыз етудің барлық жүйелері жұмысының үздіксіз жүруі көп жағдайда осыған байланысты болады.
Қазақстан Халық партиясы Үкіметті алдағы уақытта, оның ішінде су шаруашылығы саласында да кадр тапшылығы болатыны туралы бірнеше жыл бұрын ескерткен болатын.
– Қазіргі уақытта ЖОО түлектері, су шаруашылығына арналған мамандар білімдері, шеберліктері мен дағдылары жағынан қойылатын талаптарға сай келмейді, - деді ҚХП парламенттік фракциясының депутаты Ирина Смирнова. - Олардың біліктілігі өте төмен. Олар гидротехникалық құрылыстар мен жалпы су шаруашылығы жүйелерін жобалау, реконструкциялау, салу және пайдалану жөніндегі жұмысты жүргізе алмайды.
Мәжілісмендер елімізде (Қызылағаш және Көкпекті су қоймаларындағы апаттарды еске түсіретін болсақ) инженер-гидротехниктер жетіспейтінін атап өтті. Республикада осындай және осыған ұқсас мамандарды даярлау үшiн арнаулы жоғары оқу орындары да жоқ, ал су шаруашылығы органдары қызметкерлерi құрамының басым бөлiгi зейнеткерлiк жас алдындағы адамдар.
ҚХП депутаттары жоғары оқу орындарындағы техникалық мамандықтар тізімін кеңейтуге, оқыту сапасын арттыруға және кадрларды даярлаумен тиянақты айналысуға шақырған еді. Өкінішке қарай, ол кезде Үкімет бұл мәселеге мән берген жоқ болатын. Биылғы су тасқыны кімдікі дұрыс болғанын көрсетті.