Мемлекетке үнемдеуден гөрі мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтендіру және оңалту тиімдірек. Қазақстан Халық партиясының депутаты, халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейітжан осылай деп санайды.
Сәрсенбі күні Мәжілістің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде мәжілісмен Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген теңдікке қарамастан, ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқығы жиі бұзылатынын айтты. Мәселе білім алу құқығы жөнінде болып отыр. Ал ол бүгінде мектепке дейінгі мекемелерден бастап орын алуда.
«Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары үлкен қиындықтарға тап болады. Өйткені мемлекеттік балабақшалар сирек жағдайларды қоспағанда, түрлі сылтаумен ерекше балаларды қабылдағысы келмейді. Ал бұл мәселені ешкім бақылап отырған жоқ», - деді депутат.
Нәтижесінде ерекше балалар жастайынан әлеуметтену мүмкіндігінен айырылады. Осындай жағдай мектепте де жалғасуда. Яғни, мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарды қалыпты білім алу мүмкіндігінен ғана емес, кейіннен жұмысқа орналасып, жалақы алу мүмкіндігінен де әдейі айырып отыр.
«Мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет ауыртпалық ретінде қарайды. Бірақ бұл дұрыс емес!», - деп наразылық білдірді омбудсмен.
Депутаттың пікірінше, бюджетке мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы түрінде қосымша жүктеме артудың орнына, барынша мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алуына жағдай жасау қажет. Нәтижесінде, жұмыс істей алатын, өз бизнесін құрып, тиісінше, салықтарды төлеуге қабілетті бастамашыл азаматтар көбейетінін атап өтті.
«Бұдан мемлекет те, Үкімет те, бюджет те ұтады», - деп сендірді К.Сейітжан.
Бұл ретте депутат мүмкіндігі шектеулі балалардың оқуына қажетті планшеттерге қатысты жағдайды мысалға келтірді. Кейбір мектептер мен интернаттарда мұндай құрылғылар бар, бірақ бәрінде емес. Тіпті, оларды сатып алу да жоспарда жоқ. Бұл мәселе Брайль кітаптары, аудио құрылғылар және т.б. қажетті құрал-жабдықтарға да қатысты.
– Жағдай жасамасаң, балалар қалай білім алады? Бұл мәселені бақылауға алып, заңнамаға қажетті түзетулер енгізу қажет, - деп түйіндеді ол.