Баянауылдың табиғатын адамдардың ашкөздігі бұзып жатыр

Баянауыл ұлттық саябағын құтқару қажет. Оның экологиясы жыл сайын нашарлап барады. Адамдар табиғатты қорғаудың орнына, ұлттық саябақта қоршаған ортаға кері әсер ететін жаңа демалыс орындарын ашуда.

Ұлттық парк мәселесін Баянауыл ауылының тұрғыны Тілеуғали Мусин Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқармен кездесуде көтерді. Мәжілісмен өңірлерге жұмыс сапары аясында Павлодар облысына келген болатын.

Сапар барысында депутат жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының, ТЖД, «Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ басшылығымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Т. Мусиннің айтуынша, Баянауыл ұлттық паркі 38 жылдан бері тек пайдаланылып келеді.

– Экология жыл сайын нашарлайды, ормандар өртеніп, су тартылады, көлдер құрғайды, – деді ол. – Егер, 90 - шы жылдары Жасыбайда 20-ға жуық демалыс аймағы болса, қазір олардың саны 50 - ден асты. Жыл сайын демалушылардың саны көбейіп келеді. Көптеген демалыс орындарында санитарлық нормалар сақталмайды.

Ол демалыс орындарының жерді ретсіз пайдалануының соңы экологиялық зардапқа әкелетінін және Ұлттық саябақты сақтау бойынша қандай да бір бағдарлама жоқ екенін атап өтті. Соңғы 30 жылда ұлттық саябақты 7 басшы басқарды. Оның біреуі ғана сала маманы болды.

– Баянауылдың табиғатын қалпына келтіру бойынша нақты шара қабылдайтын кез келді, – деді ауыл тұрғыны.

Ол жаңа демалыс аймақтарын салуға рұқсат беруді тоқтатуды талап етті. Сондай-ақ су мен топыраққа зерттеу жүргізуді және Баянауыл ұлттық паркін дамытудың ұзақмерзімді мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

Азаматтарды жеке қабылдау кезінде депутат И. Сұңқар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде бөлінетін препараттар тізімін кеңейту, әлеуметтік осал азаматтардың мәртебесіне және құқық қорғау органдары ардагерлерін зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты бірқатар әлеуметтік мәселелерді талқылады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy