Білім берудің прогрессивті әдісі ме, әлде жабдықты үнемдеу ме? Еліміздегі орта және арнаулы орта білім беру мекемелеріне арналған академиялық ұтқырлық бағдарламасы қандай болмақ? Бұл сұраққа құзырлы орган басшысы екіұшты жауап берді.
Академиялық ұтқырлыққа қатысты мәселені Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова көтерді. Ол заң жүзінде арнаулы орта білім беру ұйымдары академиялық тұрғыда еркін екенін атап өтті. Ал практикалық жағдайы қандай?
«Академиялық ұтқырлық көптеген оң өзгерістің бастауы болуы мүмкін. Тәуекелді тұстары да бар. Осы ретте ТЖКБ-дағы академиялық ұтқырлықтың мүмкіндіктері мен механизмдерін түсіндіріп беріңізші», - деп сұрады Смирнова.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кейбір қазақстандық колледждер «Жас маман» бағдарламасы аясында ең заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін еске салды. Алайда өкінішке қарай, кейбірінде мұндай жұмыстар мүлде жүргізілмеген.
«Сондықтан, осы олқылықтардың орнын толтыру үшін, басқа колледждерге де сол құрал-жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік беру үшін...», - деп cөз бастаған министр тосылып қалды. – Бұл шара басқа колледждердің студенттеріне құрал-жабдықтарды пайдалануға және дағдыларын жетілдіруге көмектеседі.
Ғани Бейсембаев «Жас маман» бағдарламасының тоқтатылғанына қарамастан, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында колледждер қайта жарақтандырылып жатқанын және жұмыс жалғасатынын еске салуға тырысқанымен, оның айтқан пікірлері жағымсыз әсер қалдырды. Бұл ретте ведомство колледж студенттеріне ақша үнемдеуге тырысып жатқандай көрінді.