Білімге ұмтыл, студент!

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы көпбалалы отбасынан шыққан қарағандылық студентке оқу ақысын төлеуге көмектесті. Бұған дейін студенттің анасы Қарағандыға жұмыс сапарымен келіп, азаматтар үшін жеке қабылдау ұйымдастырған партия төрағасы Ермұхамбет Ертісбаевтан көмек сұраған болатын.

Қабылдауға келген әйел ұлының Қарағанды мемлекеттік университетінің төртінші курсында оқитындығын, оқу ақысының сомасы жарты миллион теңгеден астам екенін, бұл көпбалалы отбасы үшін өте ауыр тиіп отырғанын жеткізген еді. Мәселенің оң шешілуін ҚХП жергілікті облыстық филиалы ерекше бақылауға алып, партия мүшелері ЖОО басшылығымен әңгімелесіп, демеуші тапты.

– Біз оқу ақысын төлеу мәселесімен айналысып жатқан кезде студентті оқудан шығарып жібермеу үшін мен университеттің ректорымен кездестім, - дейді Қарағанды филиалының басшысы Қалел Мақсұтов. - Сәуірде біз бір республикалық кәсіпорынмен демеушілік жасауға келістік ( атын атамауды сұрады). Кәсіпорын басшысы бұл жағдайды естігеннен кейін студенттің оқу ақысын төлеп берді.

Бәрі де сәтті аяқталды. Қамқор адамдардың қолдауының арқасында болашақ маман өз дипломын алып шығады. Сүйікті мамандығының иесі атанған жас маман Отанының игілігі үшін лайықты еңбек етеді деп сенеміз.

– Президентіміз "Біздің еліміздің ең басты байлығы - адамдар. Сондықтан мемлекеттің басты міндеті - олардың сүйікті ісімен айналысып, ел үшін еңбек етуіне барлық қажетті жағдайларды жасау болып табылады " деген болатын, -деп атап өтті Қалел Мақсұтов. - Қолдауға зәру отбасы мен нақты студентке көрсетілген бұл көмек елдің болашағына жасалған қамқорлықтың шынайы үлгісі деп санаймыз. Сондықтан, демеушілік жасаған кәсіпорынның басшылығына, сондай-ақ университет ректоратына түсіністігі үшін алғыс айтқым келеді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy